
Қазақстанда азық-түлікке кеткен шығын қауіпті деңгейге жетті
Қазақстандықтардың тұтынушылық шығындарының шамамен 57,2%-ы азық-түлікке жұмсалады. Бұл пандемиядан кейінгі ең жоғары көрсеткіш болып отыр және дамыған елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Шетелдіктер азық-түлікке табыстың тек 10–15%-ы жұмсайды. Бұл туралы Kursiv.media finprom.kz мәліметтеріне сүйене отырып хабарлайды.
Экономистер бұл жағдайды классикалық «Энгель заңы» арқылы түсіндіреді. Яғни, халықтың тұрмыстық деңгейі төмен болған сайын, күнделікті қажеттіліктерге кеткен шығындардың үлесі артады.
Қай аймақтарда жағдай қиынырақ
Аймақтар арасындағы айырмашылық айқын көрінеді.
- Жетісу облысының халқы бюджеттің 65,8%-ын азық-түлікке жұмсайды.
- Түркістан облысында – 65,3%.
- Тіпті салыстырмалы түрде өндірісі дамыған Қарағанды облысында көрсеткіш 50%-дан асады.
Ауылдық аймақтарда да «тағамға» кеткен шығынның үлесі жоғары. Сарапшылар бұл жағдайды төмен кіріс деңгейімен және қайта өңдеу саласының әлсіздігімен байланыстырады. – Халық өнім өндіреді, бірақ шығындарын әртараптандыруға жеткілікті табыс таппайды.
Қала мен ауыл: өмір сүру моделі әртүрлі
Статистика көрсеткендей, инфляция қалалық және ауылдық тұрғындарға әртүрлі әсер етеді.
- Қалаларда ет өніміне шығындар +22,3%, жемістерге +18,6% өсті.
- Ауылда бюджеттің көп бөлігі нан және дәнді дақылдарға кетеді. Жылдық шығын ауылда 86,3 мың теңге, қалада – 68,2 мың теңге. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары тәттілерді азайтып, орнына үйде дайындалған өнімдерді пайдаланады.
Қайда үнемдейді
Азық-түлік шығындары артқандықтан, көп отбасы бюджетін үнемлеуге көшкен. Телефондар мен гаджеттер, пәтер жөндеу және автокөлік алу сияқты жоспарларын кейінге шегерген.
Егер табыстың жартысынан көбі негізгі азық-түлікке жұмсалса, адамдардың білімге, демалысқа, үйді жаңартуға және өздерін дамытуға бөлетін қаражаты азаяды. Бұл ішкі сұраныстың төмендеуіне әкеліп, қызмет көрсету секторына әсер етеді.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы бес жылда өмір сүру құны шамамен 75%-ға өсті. Бұл халықтың өмір салтына тікелей әсер етті. Көбі әдеттегі шығындардан бас тартуға, демалысты кейінге қалдыруға және несиеге өмір сүруге мәжбүр болуда.