Авто

5–7 млн теңгеге қандай жүрілген көлік алуға болады – автоблогер таңдауы

Авторынок Казахстан
2009 жылғы Honda CR-V 6,7 млн теңгеге алуға болады / Фото: youtube.com/@vladavto, бильд-редактор: Аделина Мамедова

Қазақстанда 7 млн теңгеге дейінгі жүрілген көліктер арасында жапон кроссоверлері мен корей седандары көш бастап тұр. Олардың басым көпшілігі жүргізушілердің сенімін ақтаған сенімді көліктер. Алайда бұрын таксиде жүрген, әбден «шаршаған» көліктер де баршылық. «В АВТО С ПРОБЕГОМ» YouTube-арнасының авторы Алматыдағы автонарықтардың бірін аралап, ең тиімді нұсқаларды таңдады.

7 млн теңге дейін қандай жапон кроссоверлерін алуға болады

5,5–7 млн теңге бюджетінде ең өтімді модельдер қатарында Mitsubishi ASX және Mitsubishi Outlander бар. 5,7 млн теңгеге 2012 жылғы, 2 литрлік қозғалтқышы және вариаторы бар ASX табуға болады. Жасына қарамастан, агрегаттары сенімді саналады, ал көлік Mitsubishi Lancer платформасында жасалғандықтан, қосалқы бөлшектерін табу оңай.

Бағасы сәл жоғары, бірақ сұранысқа ие нұсқа – үшінші буындағы Honda CR-V. 2,4 литрлік K24 қозғалтқышы бар 2009 жылғы модель шамамен 6,7 млн теңге тұрады. Төзімділігі жағынан ол Toyota RAV4 моделіне лайықты бәсекелес саналады.

Көзге бірден түсе бермейтін нұсқалардың ішінде сарапшы 2014 жылғы Chevrolet Tracker моделін атап өтті. 5,8 млн теңгеге шамамен 70 мың шақырым жүрген толық жетекті кроссовер ұсынылады. Модель бағаланбай жүргендердің қатарында, алайда 1,8 литрлік қозғалтқышын сатып алар алдында мұқият тексеру қажет.

Белсенді демалысты ұнататындар үшін 6,8 млн теңгеге 2011 жылғы Subaru Forester қызықты нұсқа болуы мүмкін, мұндай көліктер көбіне төбесіне орнатылған автобокспен сатылады.

Mitsubishi ASX 2012 жылғы, шамамен5,7 млн теңгеге тұрады / Фото: youtube.com/@vladavto, бильд-редактор: Аделина Мамедова

Седандар: бастысы – такси болған көлікке тап болмау

Жаппай сатылатын сегментте (Hyundai Accent, Kia Rio) жағдай күрделірек. Сарапшының айтуынша, жақсы күйдегі 2018–2021 жылғы Accent бағасы шамамен 7,3–7,7 млн теңге аралығында.

«Бұл көліктер такси ретінде өте көп пайдаланылған, сондықтан көбінің жағдайы әбден тозған. Көлік қарапайым әрі сенімді, қорабы берік, бірақ міндетті түрде тексеру керек. Автомат қорабы мықты болғанымен, қозғалтқышында май жеу мәселесі кездесуі мүмкін», – дейді блогер.

«Шаршаған» Accent-терге балама ретінде Hyundai i30 моделін қарастыру ұсынылады. Хэтчбекті жақсы күйде табу жеңілірек, ал Алматыда қосалқы бөлшектерінің бағасы қолжетімді.

Жылына мән беретіндер үшін 7,2 млн теңгеге жүрілген 2024 жылғы Chevrolet Monza қолжетімді. 1,5 литрлік қозғалтқышпен жұптасқан роботтандырылған қорабы болғанына қарамастан, бұл модель жаңалығы мен дизайны жағынаны тартымды.

5 млн теңгеге дейінгі бюджеттік сегмент

Егер бюджет 5 млн теңгемен шектелсе, ең оңтайлы таңдау – Chevrolet Cobalt. 2023 жылғы модельдердің бағасы шамамен 5,6 млн теңге болса да, нарықта арзанырақ нұсқалар көп кездеседі. Негізгі кемшіліктері – салонының тез тозуы және әйнектердің булануы. Дегенмен техникалық бөлігі барынша қарапайым әрі сенімді.

«Бұл қозғалтқыш өз мүмкіндігін әлдеқашан дәлелдеген. Көлік күнделікті тірлікке және шағын отбасыға әбден лайық», – деп атап өтті автор.

Сондай-ақ бұл бюджетте рестайлингке дейінгі Volkswagen Polo моделін (шамамен 5,9 млн теңге) қарастыруға болады. Алайда сатып алушылар бұл модельдің әдеттегі кемшіліктерін ескергені жөн: руль рейкасының тарсылдауы және суық кезде қозғалтқыштың қатты жұмыс істеуі. Бұл ақаулар тек 2015 жылдан кейінгі нұсқаларында түзетілген.

2014 жылғы Volkswagen Polo 2014, шамамен 5,9 млн теңге тұрады / Фото: youtube.com/@vladavto, бильд-редактор: Аделина Мамедова

Қорыта айтсақ, таңдауды тек бюджетке қарап емес, көлікті қандай мақсатта пайдаланатыныңызға қарай жасау керек. Егер ол күнделікті қала ішінде жүруге арналса, седан толық жеткілікті. Ал қала сыртындағы топырақ жолдарға жиі шығатын болсаңыз, уақыт сынынан өткен кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктерге назар аударған жөн.

Еске сала кетейік, қаңтар айында сатылған автокөліктердің 87,4%-ы Қазақстанда құрастырылған.