
Burger King Kazakhstan, бірнеше күнге созылған даудан соң, екі қызметкерді жұмыстан шығарды. «Сергей мен Анастасия енді компания қызметкерлері емес» деп мәлімдеді фастфуд компания.
Сергей жұмыстан шықты
Алматылық аспаз Әлібек Қаратайды жақтаушы көпшілік дегеніне жетті. 17 ақпанда Burger King қоғамда наразылық туғызған жағдайға қатысты тағы бір мәлімдеме таратып, екі менеджерді жұмыстан шығарғанын жариялады.
«Қабылданған басқарушы шешімді ескере отырып аумақтық менеджерлер Сергей мен Анастасия енді компания қызметкерлері емес», – деп мәлімдеді фаст-фуд компания.
Жұмыс істейтін жерді құрметтейміз
Мұндай шешім ішкі тексеру нәтижесінде қабылданған. Компания «қадір-қасиетті құрметтеу қағидаларын ұстанатынын», оны бұзатын кез келген сөз немесе әрекет брендке жат, этика талаптарына қайшы деп қабылданатынын мәлімдеді.
«Біз елімізді, жұмыс істейтін жерімізді, мәдениетімізді және халқымызды құрметтейміз. Әрбір қызметкерден лауазымына қарамастан соны күтеміз», – деп таратты компания.
Бұған қоса, Burger King Әлібектің анасы Жанат Қаратайға келесі қадамды талқылау үшін хабарлама жолдағанын мәлімдеді. Әзірге фаст-фуд компанияның жәбірленуші тарапқа нақты қандай ұсыныс жасағаны белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, үш күн бұрын Жанат Қаратай Burger King-тің Алматыдағы бөлімі аутизм диагнозы қойылған 27 жастағы ұлы Әлібекті себепсіз жұмыстан шығарғанын жазған. Желідегі мыңдаған белсенді аспаз жағына шығып, фаст-фуд компаниядан адамның ар-ұжданына тиетін сөздер айтқан менеджерлерді жұмыстан шығаруды талап еткен. Әлеуметтік желілерде Сергей, Анастасия есімді қызметкерлердің әрекеті сөз болған.
Бір күн бұрын Еңбек министрлігі де осы іске қатысты мәлімдеме таратып, компанияның бір қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілгенін хабарлаған.