Жаңалықтар

Burger King-тегі жанжалға байланысты Еңбек министрлігі түсініктеме берді

Burger King-тегі жанжалға байланысты Еңбек министрлігі түсініктеме берді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жақында Burger King фастфуд мейрамханалары желісінің айналасындағы әлеуметтік желілердегі жанжалға түсініктеме берді.

Әңгіме аутист қызметкер Әлібек Қаратаймен болған жағымсыз оқиға туралы. Анасы Жанат Қаратайдың айтуынша, жаңа өңірлік басшы оны жұмыстан кетуге мәжбүрлеген.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілердегі әсерлі посттан кейін қазақстандықтар Әлібек отбасына жаппай қолдау көрсетіп, Burger King-ке бойкот жариялай бастады.

Министрлік не дейді

Еңбек министрлігі жағдайды бақылауда ұстайтындықтарын мәлімдеді, қызметтік тексеру кезінде басшылардың бірі уақытша қызметінен шеттетілген.

«Алматы қ. Мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барды. Қызметкердің әкесімен телефон арқылы сөйлесу барысында өтініш беру тетіктері мен еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жұмыс берушіден алынған ақпаратқа сәйкес («QSR» ЖШС (Burger King)), ұйым ішінде қызметтік тексеру жүргізілуде. Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданды.», – делінген Еңбек министрлігінің жауабында.

Әңгіме неден басталды

Әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай белгілі бренд аутизм диагнозы бар ұлына қысым жасап, жұмыстан шығуға мәжбүрледі деп айыптады.

Жанаттың сөзінше, аутизм спектрі бұзылған ұлы Әлібек Burger King-те төрт жыл аспаз болып жұмыс істеген. Ұжымға еніп, нормасын артығымен орындауға тырысқан. Еңбек демалысын да жоспарлап жүрген. Бастапқыда ұжымы Әлібекке барынша қолдау көрсететін, кейін жаңа басшылық келген соң жағдай өзгерді дейді Жанат. 

«Жаймен Әлібекке қысым жасала бастады, ол өзгеріп кетті. Жұмыстан шығуға мәжбүрлеп жатыр деген хабарды естігенге дейін не болып жатқанын білмедік», – деп жазады Жанат хабарламада.

Burger King не дейді?

Burger King болған жайтқа қатысты түсініктеме берді. Компания мәліметінше, 2026 жылдың 29 желтоқсанында Әлібектің өзі HR-департаментке демалысқа кету туралы өтініш қалдырған. Осыдан кейін байланысқа шықпай кетеді. Ал 6 ақпанда кеңсеге қызметкердің анасы Жанат Қаратай келіп, өз атынан жазылған арыз қалдырады. 

Бірақ компания мұндай құжатты тек қызметкерлер өзі жазуы керек екенін айтып, оны қабылдамайды. Бірақ жағдайды реттеу үшін Әлібекті басқа мейрамханаға ауыстыруды ұсынған көрінеді.

«Қазіргі таңда Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылған жоқ, ол Burger King Kazakhstan қызметкері болып қала береді. Компания оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған жоқ… Инклюзивті болу біздің корпоративті мәдениетіміздің маңызды бөлігі», – деп жазылған компанияның ресми түсініктемесінде. 

Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты наразылық білдіріп, кейбірі мейрамханалар желісіне теріс баға қойып жатыр. 

Аутизм – ми дамуына байланысты ерекшелік. Ол адамның қарым-қатынас жасауына, сөйлеуіне, мінез-құлқына және әлемді қабылдауына әсер етеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада дамуында ерекшелік бар 14,5 мың кәмелетке толмаған бала тіркелген