
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров тарихи жеңісінен кейін еліне деген мақтаныш сезімі кернегені сонша, екі күн бойы дұрыс ұйықтай алмағанын мәлімдеді. Мәнерлеп сырғанаушының сұхбаты Ұлттық Олимпиада комитетінің сайтында жарияланды.
Әлемдегі ең бақытты адам
Шайдоров Миландағы мұз айдынында жеңіп алған алтын медальді бүкіл Қазақстан халқына арнады.
«Әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді бір бағдарламада орындауға талай рет тырыстым, бірақ ешқашан сәтті шықпаған еді. Ал Олимпиадада бәрі сәтті орындалды», – дейді таңғалысын жасыра алмаған атлет.
Михаил қола жүлдеге іліккенін түсінген сәтте өзін әлемдегі ең бақытты адамдай сезінген.
«Күміс болуы мүмкін екенін ұққанда өзімді қоярға жер таппадым. Ал алтын алғанымды түсінгенде – бұл жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Жасаған еңбегімнің зая кетпегенін түсіндім», – дейді чемпион.

Шайдоров шексіз риза
Алматылық атлет «сенсациялық жеңістен кейін адам қалай ұйықтай алады?» деген сауалға былай деп жауап берді:
«Екі күн бойы ұйықтамадым. Дәлірек айтсам, бар-жоғы екі сағат қана көз ілдім. Шынымды айтсам, бүгінге дейін не болғанын толық сипаттап бере алмаймын. Соңғы күндер адреналинге, өзіме деген сенім мен мақтанышқа толы өтті. Бірақ ең бастысы – еліме деген мақтаныш сезімі басым болды», – деп ағынан жарылды Шайдоров.
Ол түні бойы көз ілмей, атлетке жанкүйер болған бүкіл Қазақстанға шексіз риза екенін жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы Михаил Шайдоров қысқы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып, 14 ақпанға қараған түні чемпион атанды. Ол 21 ақпан, сенбі күні Милан мұз айдынында жеңімпаз ретінде тағы бір мәрте сырғанайды.