Банк пен қаржы

Олимпиада ойындары құрметіне күміс монеталар сатылады

Олимпиада ойындары құрметіне дайындалған күміс монета
Ұлттық банк дайындаған күміс монеталарла шорт-трекшілер бейнеленген / фото: Ұлттық банк

Қазақ атлеттері қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап жүрсе, Ұлттық банк «OLYMPIC GAMES 2026. SHORT TRACK» күміс монеталарын айналымға шығарады.

Шорт-трекшілер құрметіне

Коллекциялық монета 925 сынамалы күмістен дайындалған. Массасы 20 грамм, диаметрі 37 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1000 теңге, таралымы – 2 мың дана.

Қазақстан теңге сарайында дайындалған монеталар 2026 жылғы 18 ақпаннан бастап Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатылады.

Монета аверсінде шорт-трекшілер бейнеленген. Шорт-трек – конькимен жүгіру спортының олимпиадалық түрі. Ол 1992 жылдан бері қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасында бар.

танталдан дайындалған коллекциялық монета
Танталдан дайындалған монета 18 ақпаннан бастап сатылады / фото: Ұлттық банк

Байқоңыр құрметіне

Сонымен бірге, Ұлттық банк «БАЙҚОҢЫР – 70 ЖЫЛ» монетасын шығарды. Ол толықтай танталдан дайындалған. Монета аверсінде ультракүлгін сәуледе көрінетін жасырын бейнелерді қолдану технологиясы қолданылған.

Монета массасы 100 грамм, диаметрі 50 мм, дайындау сапасы – рrооf, номиналы – 2 мың теңге, таралымы – 500 дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемдердің барлық түрі бойынша қабылданады. Сонымен бірге елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға және аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.