
Әлеуметтік желіде әскерде жүргенде жағы сынған сарбаз Есбол Қапардың видеосы тарады. Ол жерде сарбаз өзін темірмен ұрған адамның атын атаған.
Енді бір видеода сарбазды ағасы тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен тапқан. Ол жерде бәзбіреулер сарбаз тұрған пәтерді сыртынан кілттеп кеткен. Үй иесі де әскери болып шықты. Оның сөзінше, әріптестері «полигонда жарақат алды» деп, сарбазды қалдырып кеткен.
Видеода Есбол екі аптадан бері осы пәтерде тұрып жатқанын айтады. Ал бауыры інісінің қатты жүдеп кеткеніне назар аударған.
«Жағым сынғаннан кейін осы үйге алып келді. Жағым полигонда сынды», – дейді Есбол.
Өзін сарбаздың әпкесімін деп таныстырған Аида Бейсбаева 29 қаңтарда бауырының хабар-ошарсыз кеткенін айтты. Содан кейін бауырлары Отарға барған, алайда сарбаз ол жерде болмаған.
«Сұрастыру барысында рота командирі Иманмади Дүйсенбекұлы бізді Есболды ұстап отырған пәтерге алып барды. Біз білгеннен кейінгі күні ғана інімді медициналық пунктке орналастырды. Тексеру кезінде дәрігерлер оның жақ сүйегіне жасалған операцияның дұрыс жүргізілмегенін айтты», – дейді Бейсбаева.
Пәтерге сарбаздың ағасымен бірге барған әскери екі сарбаз төбелесіп қалған деген пікірде.
Бұған дейін Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әскери полицияның мәліметінше, оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірінің жақ сүйегі сынған. Ол Алматыдағы Әскери-клиникалық госпитальға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.