Жаңалықтар

Қазақстанда онлайн-курс сататын блогерлерден енді диплом талап етіледі

Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда онлайн курс сатып, пайда табатын блогерлерден енді диплом талап етіледі. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сенаторларға берген жауабында жазылған.

Бектеновтің сөзінше, ақпарат саласында киберқауіпсіздікті күшейту бағытында Әкімшілік кодекске онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленген. Аталған заң жобаларына бірқатар жаңа нормалар енгізілген.

Атап айтқанда, ел аумағында онлайн-платформа өкілдігінің онлайн-платформада құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізіледі.

«Белгілі бір салада білім беру курстарын және (немесе) оқыту материалдарын қамтитын контентті тарататын онлайн-платформа пайдаланушыларына мұндай контентті тиісті білімі бар екендігі туралы хабарламамен, диплом және (немесе) сертификат деректерін көрсете отырып сүйемелдеу міндетін белгілеу көзделеді», – делінген жауапта.

Қаңтар айында заң жобалары Үкіметтің заң шығару жұмысының қағидаларына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілген.