
Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Италияда өтіп жатқан Олимпиаданың іріктеу сынынан сүрінбей өткеннен кейін желі жұлдызына айналды. Оның осы кезеңдегі өнерін 4 миллионға жуық адам тамашалады.
Халықаралық Олимпиада комитеті желідегі парақшасына Әжіғалиевтің іріктеу сынындағы видеосын жариялап, оны қазірге дейін 3,9 миллион адам көріп үлгерді.
«Мәссаған! Осындай фото финишті көрдіңіз бе? Абзал Әжіғалиев шыр айналған Пьетро Сигелді айналып өтіп, бірінші келді», – деп жазылған Халықаралық Олимпиада комитетінің видеосында.
Айта кетейік, Әжіғалиев 500 метрлік іріктеу сынынан бірінші болып келіп, жүлдеге таласатын финалға өткен. Іріктеу сынында ол мәреге соңғы келе жатқан еді. Алайда түрік Фуркан Акармен латыш Рейнис Берзиньш бір-біріне соғылып құлады. Бірінші келе жатқан италиялық Пьетро Сигел де шыр көбелек айналып, тепе-теңдік сақтап қалды. Дегенмен жерлесіміз ыңғайлы кезеңді пайдаланып, соңғы сәтте Сигелді басып озды.