
Өзбекстандық UzAuto автоконцерні жеңіл коммерциялық Chevrolet Damas көлігінің екінші буынын ресми түрде сатылымға шығарды. Жаңа модель жергілікті нарықта жүргізушілердің сенімін ақтаған алдыңғы нұсқаның орнын басады.
Толық металлды кузовы бар Damas Max фургоны екі түрлі жинақта ұсынылады, ал жолаушыларға арналған Damas Move минивэні төрт түрлі нұсқада болады.
Бағасы 134 439 000-нан басталып 154 128 000 өзбек сумына дейін( 5,4 млн-6,2 млн теңге) жетеді.
Ескі модель әлі де өндірісте қалып отыр. Оның бағасы 93 156 000-нан 96 449 000 сумға дейін (шамамен 3,7–3,8 млн теңге).
Damas Max – бизнес пен жеткізуге арналған
Chevrolet Damas Max шағын бизнес пен қала ішінде жеткізуге бағытталған. Жүк көтеру қабілеті 650 кг-ға дейін өсті, ал жүк бөлігінің көлемі 3 текше метрден асады. Бұл күнделікті жұмысқа ыңғайластырылған, практикалық әрі үлкенірек Damas.

Damas Move – отбасы және коммерциялық нұсқа
Chevrolet Damas Move – жеті орындық жолаушыларға арналған нұсқа, отбасылық сапарлар мен коммерциялық мақсаттарға сай келеді. Үшінші қатар орындардың артында шамамен 500 литрлік жүк салғыш қарастырылған, бұл осындай формат үшін жақсы көрсеткіш болып саналады.