Жаңалықтар

Жыл сайын 140 мың пәтердің 30 мыңы ғана жеңілдетілген ипотекамен сатылады

Фото: kursiv.media, Серікжан Қобланбаев

Қазақстанда жыл сайын 140 мың жаңа пәтердің шамамен 30 мыңы жеңілдетілген ипотека бойынша сатылады. Бұл туралы «Бәйтерек» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин айтты.

Холдинг жетекшісінің айтуынша, 2024 жылы «Отбасы банк» арқылы ипотекалық өнімдерге оффтейк-келісімшарттар механизмі енгізілді. Бұл механизм тұрғын үйдің өзіндік құнын бақылауға және бастапқы нарықтағы ұсынысты көбейтуге мүмкіндік береді.

Рустам Қарағойшин ипотекалық бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемі аз емес, бірақ олардың жалпы тұрғын үй нарығына әсері шектеулі екенін айтады.

«Өткен жылы ипотекалық бағдарламаларға 1,6 трлн теңге бөлдік, оның ішінде шамамен триллионнан астамы жинақтау бағдарламаларына арналды», – деді ол.

Холдинг нарықтағы сұраныстың тек бір бөлігін қамтамасыз етеді.

«Жыл сайын нарыққа шығатын 140 мың пәтердің шамамен 77 мыңы біздің бақылауымызда болады, оның 30%-ы бастапқы нарыққа тиесілі. Яғни біз ипотека алушыларға шамамен 30 мың пәтер ұсынамыз», – деді басқарма төрағасы.

Қалған бөлігі екінші нарыққа тиесілі, онда азаматтар тұрғын үйді өз жинақтары немесе стандартты ипотекалық бағдарламалар арқылы алады. Оның сөзінше, кейбір бағдарламалар бойынша шаршы метрдің құны алдын ала белгіленеді.

«Шаршы метрдің бір бөлігі негізінен бастапқы нарыққа арналған бағдарламаларға қатысты, мұнда біз құнын белгілейміз, сондай-ақ «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» арқылы өңірлерде кезекте тұрған азаматтар үшін пәтер сатып алғанда да бұл бағдарлама шеңберінде жүзеге асады», – деп қосты Рустам Қарағойшин.

Тұрғын үй бағасының динамикасы көбінесе құрылыс көлемдеріне байланысты, олар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан реттеледі.

Айта кетейік, «Отбасы банк» ислам ипотекасын іске қоспақ. Қаржы ұйымы Пәкістанның ислам банкингі саласындағы көшбасшысы – Meezan Bank Limited ұйымымен меморандумға қол қойып, жаңа өнімдердің тұжырымдамасын әзірлейді.