Жаңалықтар

Алматы-1 вокзалының сейсмикалық төзімділігі күшейтіліп жатыр

Алматы теміржол вокзалы
Фото: Көлік министрлігі

Бес балдық жер сілкінісінен кейін Алматы-1 вокзалының сейсмикалық төзімділігі күшейтіліп жатыр.

Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбуғанов Алматы-1 теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Көлік министрлігінің мәліметінше, көшпелі кеңеске мердігер ұйымның, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, техникалық қадағалау қызметінің және қала әкімдігінің өкілдері қатысты. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Жоба аясында вокзал ғимараты мен вокзал кешенінің бүкіл инфрақұрылымын кешенді жаңғырту көзделген. Инженерлік желілер жаңартылып, заманауи энергиямен жабдықтау, желдету, цифрлық бақылау және қауіпсіздік жүйелері енгізіледі.

Жобаның негізгі басымдығы – нысанның сейсмикалық төзімділігін арттыру. Тірек конструкциялары күшейтіліп, ғимарат өңірдің сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестендірілуде.

Жоба аясында вокзал ғимараты мен вокзал кешенінің бүкіл инфрақұрылымын кешенді жаңғырту көзделген / фото: Көлік министрлігі
Жоба аясында вокзал ғимараты мен вокзал кешенінің бүкіл инфрақұрылымын кешенді жаңғырту көзделген / фото: Көлік министрлігі

Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері жаңартылып жатыр. Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың өткізу қабілеті артып, жолаушыларға қызмет көрсету жағдайы жақсарады. Толыққанды кедергісіз орта қалыптастырылады.

Жаңартылған нысан қауіпсіз, технологиялық және жайлы болады. Қайта жаңғырту жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Мұның алдында Көлік министрлігі Астана мен Талдықорған қалалары арасында жаңа теміржол бағыты іске қосылатынын хабарлаған еді.