Жаңалықтар

Бай шенеуніктен тәркіленген таунхаус 214 млн теңгеге өтпей қалды

Қайтарылған актив, КУВА, Green Village тұрғын үйіндегі қымбат пәтер
Таунхаус классикалық стильде безендірілген / коллаж: Kursiv.Media

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) 18 ақпандағы аукцион нәтижелерін жариялады. Бұл жолы байлар мен шенеуніктерден тәркіленген үш активтің біреуі ғана өтті. Қымбат екі пәтерді сатып алатын адам табылмады.

Автотұрақ қана сатылды

KUVA мәліметінше, сәрсенбідегі аукционда Астана қаласында орналасқан «Париж кварталы» тұрғын үй кешеніндегі автотұрақ 5,3 млн теңгеге сатылды. Нысан саудаға осындай бағамен шығарылған. Соған қарағанда, аукционға бір ғана адам қатысып, активті бастапқа бағаға сатып алған.

Қайтарылған актив: Париж кварталы тұрғын үй кешеніндегі автотұрақ
фото: kuva.kz

«Париж кварталы» кешені елорданың Алматы ауданы, Шарль Де Голль көшесінің бойында орналасқан. Сатылған автотұрақтың жалпы ауданы – 18,8 шаршы метр.

Сатып алушы нысанды меншіктеу құқығына толық төлем жасалғаннан кейін ие болады.

"Париж кварталы" тұрғын үй кешеніндегі пәтер, қайтарылған актив
Екі бөлмелі пәтерді 113 млн теңгеге ешкім алмады / коллаж: Kursiv.Media

Пәтері өтпей қалды

Автотұрағы сатылып кеткенімен, «Париж кварталындағы» пәтерді сатып алатын адам табылмады. 18 ақпанда осы кешенде орналасқан жалпы ауданы 93,6 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер аукционға шығарылған.

Қайтарылған актив шамамен 113 млн теңгеге бағаланған. Саудаға қатысу үшін 17 млн теңге кепілпұл төлеу керек болған. Алты қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтерді ешкім сатып алмады. Оның үстіне мүліктің бұрынғы қожайыны коммуналдық қызмет ақысын төлемеген болып шықты.

214 млн теңгенің таунхаусына ешкім қызықпады

Қайтаратын активтерді басқаратын компания Астана қаласында «Green Village» тұрғын үй кешенінде орналасқан қымбат пәтерді де өткізе алмай отыр. Ол 214 млн теңге тұрады. Жылжымайтын мүліктің жалпы ауданы – 231,8 шаршы метр.

Электронды сауда порталында жарияланған мәліметке қарағанда, таунхаус төрт қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Оның да бұрынғы қожайыны коммуналдық қызмет ақысын төлемеген.

Астанадағы Green Village үйіндегі таунхаус
Мүзейге көбірек ұқсайтын таунхаус / фото: kuva.kz

Бес бөлмелі пәтер Астананың Нұра ауданында Қарашаш Ана көшесінің бойында орналасқан.

Өтпей қалған активтер қайтадан аукционға шығарылады, бірақ келесі жолы олардың бағасы түсуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, екі күннен соң – 20 ақпанда ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген самурай қылышы екінші мәрте аукционда сатылады. Жәдігердің саудадағы бастапқы бағасы – 461 312 теңге.

Бұған қоса, KUVA экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza ғимаратын 61,5 млрд теңгеге сатқалы жатыр.