Жаңалықтар

Баласын батареяға байлап қойып ұрған әйел қылмыстық жауапқа тартылмайды

Әйел мәжбүрлі емдеуге жіберілді/фото: Жетісу облысы полициясы

Жаркентте баласын батареяға байлап қойып ұрған әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот шешімімен әйел мәжбүрлі емдеуге жіберіледі.

Оқиғаның мән-жайы

2026 жылдың қаңтарында әлеуметтік желіде әйелдің баласын байлап, ұрып-соғып жатқан сәті түсірілген видео тарады. Тексеру барысында 28 жастағы әйелдің екі баласы бары, оларды аяусыз ұрғаны анықталған.

Содан кейін балалардың анасы Жаркенттегі уақытша тергеу изоляторына түсіп, екі бала бүлдіршіндер тәрбиеленетін орталыққа қабылданды.

19 қаңтарда қамқоршы мекеме әйелді ата-ана құқығынан айыру туралы шешім шығарған.

Балалардың әкесі жұмыссыз, үшінші топтағы мүгедектігі бар.

Сот шешімі

Сотта 18 қаңтарда шамамен сағат 16:00-де кәмелетке толмаған бала жуынатын бөлмеде суды ашық қалдырғаны, салдарынан бөлмені су басқаны анықталған. Мұны байқаған анасы баласын жылыту батареясына байлап, оны ұрып-соққан.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, әйелдің ақыл-ой кемістігі бар, күтім мен емдеуді қажет етеді. Ол балаларды ұрып-соққан кезде әрекетінің қауіпті екенін түсіне алмаған. Жетісу облысы сотының хабарлауынша, әйел мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

Балалар Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды.