
Балық аулауға барған 59 жастағы астаналық екі қолын ойыққа тығып, қолын қайта шығара алмай қалған.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, мұз үстінде қалып қойған балықшыны полицейлер құтқарып алған.
«102» арнасына ер адамға шұғыл көмек қажет екені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция полкінің қызметкерлері – Кенжебек Әлібаев пен Олжас Бортай жетті», – деп хабарлайды полиция өкілдері.
Ер адам өзен үстіне шатыр тігіп, балық аулай бастайды. Бір кезде екі қолын екі бөлек ойыққа тыққан. Бірақ қолдарын қайта шығара алмай қалған.
Оқиға орнына барған полицейлер жағдайды мұқият бағалап, ойықтарға қысылып қалған қолдарын босатып берген. Ер адамды қауіпсіз жерге шығарып алып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Қан айналымын қалпына келтіру үшін қол-аяғына жылыту массажын жасап берген.
Медицина қызметкерлері келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстап тұрыпты.
Полиция азаматтарды қыс мезгілінде су айдындарында барынша сақ болуға шақырып отыр.
Айта кететін жайт, БҚО-да мас жүргізуші полицияны алдамақ болып, туысының ЖСН-ін айтқан.