
Қазақстанның шағын қаржы нарығындағы ірі ойыншылардың бірі – Solva микроқаржы ұйымы банк мәртебесін алу жолындағы дайындығына білек сыбана кірісті. KASE биржасына жолданған ресми мәлімдемеге сәйкес, «компания қазіргі уақытта трансформацияның ең белсенді фазасына аяқ басқан».
Стратегиялық бетбұрыс
Банкке айналу үдерісі жай ғана атауды өзгерту емес, компанияның бүкіл бизнес-моделін түбегейлі жаңартуды көздейді.
Өтпелі кезең аясында Solva өзінің өнімдер желісін қайта қарап, негізгі назарды кепілді несиелендіруге аудармақ.
Бұған дейін ұйым банк лицензиясына құжат тапсыру үшін елдегі банктер туралы жаңа заңның қабылдануын күтіп отырғанын хабарлаған.
Қаржылық көрсеткіштері қандай?
2025 жылғы 1 қазанға дейінгі есеп бойынша, компанияның қаржылық жағдайы мынадай сипатқа ие:
- таза пайдасы: 35 млн теңге;
- несие қоржыны: 162,3 млрд теңге;
- төленбегеніне үш айдан асқан кредиті: 14,6 млрд теңге.
Айта кетерлігі, төлемі 90 күннен асқан қарыздардың үлесі жалпы портфельдің шамамен 9%-ын құрап отыр.
Үш жылдан бергі талпыныс
Solva микроқаржы ұйымы 2023 жылдан бері банк болуға талпынып жүр. Осы мақсатта жарғылық капиталын бірнеше рет ұлғайтты. Алайда 2024 жылдың соңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны банк ретінде тікеуден бас тартты.
«ОнлайнҚазФинанс» – Қазақстандағы банктік емес қаржыландыру нарығындағы кепілсіз қаражат беретін ең ірі микроқаржы ұйымдарының бірі. Ол 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Компания микро, шағын және орта бизнес үшін цифрлық қаржылық шешімдерді ұсынады.
Қазақстан қор биржасындағы мәліметтерге сай, микроқаржы ұйымының 3 акционері бар: Neo Crystal Holdings, Solva Group және Solva Capital. Neo Crystal Holdings компаниясына 11,99 пайыз акциясы тиесілі болса, Solva Group 12,99 акциясына иелік етеді. Ал Solva Capitalдың меншігіндегі үлес 74,95%-ды құрайды.
.Sоlvа Group құрылтайшылары: Борис Батин мен Александр Дунаев. Сондай-ақ сингапурлық Rekemado Pte Ltd және Mutineers Pte Ltd компаниясы.