Жаңалықтар

Отарда жағы сынған сарбазға демалыс берілетін болды

Сарбаздың жағы сынған/фото: shutterstock

Қорғаныс министрлігі Отарда жағы сынған сарбаздың денсаулығына қатысты ақпарат берді. Сондай-ақ тергеу кезінде бірқатар лауазымды тұлғаның қызметтік міндетін атқарудан шеттетілгенін мәлімдеді.

Сарбаз жарақат алды

Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде сарбаз Есбол Қапардың жағы сынған.

Содан кейін сарбаз әскери бөлімге бармаған. Ағасы оны тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен тапқан. Желіде жарияланған видеоға сәйкес, бәзбіреулер сарбаз тұрған пәтерді сыртынан кілттеп кеткен. Үй иесі де әскери болып шықты. Оның сөзінше, әріптестері «полигонда жарақат алды» деп, сарбазды қалдырып кеткен.

Видеода Есбол екі аптадан бері осы пәтерде тұрып жатқанын айтады. Қазір ол Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр.

Бір айда ауруханадан шығарылады

Министрліктің хабарлауынша, сарбаздар арасында болған оқиғадан кейін Есбол Қапардың жақ сүйегі сынған.

«Зардап шеккен сарбаз дер кезінде ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жауынгерлің денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің ұдайы бақылауында», – деп хабарлады қорғаныс министрлігі.

Әскери-клиникалық госпиталь маманы Владислав Мусатовтың айтуынша, сарбаздың жағдайы жақсарған.

«Психологиялық жағдайы да тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары да жақсарып келеді. Жақында бекітуші шиналары алынады. Әскери қызметші физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру сабақтарынан өтіп жатыр. Алдағы уақытқа гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді», – деді Владислав Мусатов.

Дәрігердің айтуынша, бір ай ішінде сарбаз ауруханадан шығарылады. Толық сауығуы үшін оған сырқатына байланысты демалыс беріледі. Жазылған соң өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.

Қылмыстық іс қозғалды

27 қаңтарда осы жағдай бойынша Гвардейск гарнизонының әскери полициясы тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Оқиғаға қатысты бар барлық адам, оқиғаның жай-жапсарын жоғары қолбасшылыққа уақтылы баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылық жіберген әскери бөлімнің лауазымды адамдарының әрекеттеріне жан-жақты құқықтық баға беріледі.

«Тергеу шаралары кезеңінде бірқатар лауазымды адамдар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді», – деп хабарлады министрлік.

Тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.