Жаңалықтар

Qarakesek сотқа мәжбүрлеп жеткізілетін болды

Qarakesek сот отырысына келмеген/фото: Instagram

Qarakesek ретінде танымал рэпер Омар Амантаев сотқа мәжбүрлеп жеткізілетін болды. Рэпер Ақтөбе сотында өзіне қатысты іс қаралатынын біле тұра, сот отырысына келмеген. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Амантаевқа Қылмыстық кодекстің 296-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Адвокаты бастапқыда рэпердің бірнеше минутқа кешігетінін айтқан, кейіннен мүлде қатыспайтыны белгілі болды.

«Сот отырысының күні мен уақытын біле тұра сотқа келмеді. Кешігетіні туралы хабарлағаннан кейін үзіліс жарияланды. Алайда сотқа кешігу себептерін растайтын дәлелдер ұсынылмады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 157-бабы негізінде айыпталушы Омар Амантаевты сот отырысына мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шығарылды. Келесі сот отырысы 19 ақпан сағат 15:30-да өтеді», – деді судья Саликов.

Айта кетейік, 2025 жылдың күзінде Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізгені үшін рэпер Qarakesek ұсталған еді. Ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ есірткіні заңсыз пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.