Авто

Hyundai көліктерінің дизайны өзгереді

Фото: kursiv.media архиві

Hyundai компаниясы барлық көлік моделінің дизайнын ортақ стильге біріктіруді көздеп отыр. Брендтің Еуропадағы бөлімшесінің бас директоры Ксавье Мартиненің айтуынша, көліктер бір-біріне көбірек ұқсайтын болады, бірақ соған қарамастан әр модель өзіне тән бірегей дизайнын сақтайды.

Ксавье Мартиненің сөзінше, автокөлік таңдағанда сатып алушылар ең алдымен дизайн мен бағаға назар аударады.

«Көлік неғұрлым ірі болса, дизайн соғұрлым маңызды. Себебі сатып алушылардың таңдау мүмкіндігі кең. Ал А және В сегменттерінде, яғни бюджеті шектеулі адамдарға арналған шағын көліктерде баға негізгі рөл атқарады», – деді ол Autocar басылымына берген сұхбатында.

Компания сатып алушыларды әрі баға мен сипаттамалар арқылы, әрі дизайнның тартымдылығы арқылы қызықтыруды көздеп отыр.

Бас директор қазіргі уақытта Hyundai модельдік қатарында бірізділік жетіспейтінін мойындады. Қазір әр модель бір-бірімен тек жарық элементтері мен ұсақ бөлшектер арқылы ғана байланысқан. Компания болашақ модельдерде бірыңғай дизайн қолдану арқылы жағдайды түзетуді көздейді.

«Бұрын біздің көліктер арасында айқын, әрі біртұтас стиль болмаған шығар. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Алайда біз ешқашан барлық модельдерді бір-бірінің көшірмесіне айналдырмаймыз. Мұндай тәсілді пайдаланып, шектен шығып кеткен брендтерді де көрдік», – деді Hyundai өкілі.

Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтарында отандық автомобиль нарығы өсім көрсетті, ал сатып алушылардың көбі жергілікті өндірістегі көліктерді таңдады. Оның ішінде ел азаматтары Hyundai көліктерінің үш мыңға тарта көлігін сатып алған. Әсіресе Hyundai Tucson-ға сұраныс жоғары.