
eGov Mobile қосымшасында тауарлардың түпнұсқалығын тексеру қызметі іске қосылды. Оларды сандық код арқылы тексеруге болады.
Жаңа қызмет түрі
Жаңа функция Naqty Onim жүйесінің базасында жасалған және пайдаланушыларға ұлттық цифрлық маркировка жүйесіндегі ақпаратты тегін көруге мүмкіндік береді. Онда сандық кодты сканерлеген кезде тауардың түпнұсқалығы, өндірушісі, негізгі сипаттамалары және шығарылған күні туралы ақпарат көрсетіледі.
Тауарды қалай тексеруге болады
Қызметті пайдалану үшін:
- eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Сервистер» бөліміне өту керек;
- «Naqty Onim» қызметін таңдап, деректерді өңдеуге келісім беру;
- «Бастау» батырмасын басып, смартфон камерасын Data Matrix кодына бағыттау.
Сканерлеуден кейін қосымша келесі ақпаратты көрсетеді:
- тауардың шынайылығы (түпнұсқа немесе жалған);
- өндіруші туралы мәліметтер;
- негізгі сипаттамалары және шығарылған күні.
Егер код жоқ немесе дұрыс емес болса, жүйе тиісті хабарламаны береді.
Қандай тауарларды қазір тексеруге болады
Қазіргі уақытта қызмет міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарларға арналған:
- 2024 жылғы 1 шілдеден кейін шығарылған дәрі-дәрмектер;
- аяқ киім өнімдері;
- барлық темекі өнімдері;
- алкогольдік өнімдер.
Ескере кету керек, 2024 жылғы 1 шілдеге дейін шығарылған дәрілер міндетті цифрлық таңбалауға жатпайды. Сондықтан олар жүйеде көрсетілмесе, бұл жалған тауар дегенді білдірмейді. Мұндай жағдайда тексеру нәтижесінің шықпауы тауардың заңсыз немесе жалған екенін білдірмейді.
Еске салайық, елімізде 2024 жылғы 1 шілдеден бастап шығарылған дәрі-дәрмектер, сондай-ақ барлық темекі өнімдері мен аяқ киім міндетті түрде цифрлық түрде таңбаланады.