Жаңалықтар

Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында сөз сөйледі

Тоқаев бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында сөз сөйледі / Фото: Ақорда

АҚШ-та өтіп жатқан Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Өз сөзінде президент АҚШ-тың бейбітшілік бастамаларын қолдап, Қазақстанның Газаға және өзге өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның беделі жоғары халықаралық компаниялар арқылы қалпына келтіру және құрылыс үдерістеріне қатысуға ниетті екенін айтты. Негізінен Қазақстан Үкіметі қаржыландыратын бағдарлама аясында инфрақұрылым, тұрғын үйлер мен тұрғын кешендер, мектептер, ауруханалар және өзге де маңызды азаматтық нысандар салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, аумақты тазарту жұмыстары да қамтылады.

«Әлемдегі ірі бидай өндіруші елдердің бірі ретінде Қазақстан Газа аймағы мен өзге өңірлерде азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған электронды үкімет саласындағы тәжірибесімен және цифрлық шешімдерімен бөлісуге әзір. Елдің ISF-ті қолдау мақсатында әскери және медициналық бөлімшелерді жіберуге, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына байқаушылар ұсынуға дайын», – деді президент.

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы орнықты даму үшін бейбітшілік пен сенімді нығайтудың жаңа жолдары қажет екенін атап өтіп, Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуын осы бағыттағы маңызды қадам ретінде бағалады. Бұл шешім Бейбітшілік кеңесінің миссиясымен толық үндеседі.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаһандық күн тәртібіне сәйкес практикалық қолдау көрсетуге, оның ішінде әртүрлі деңгейдегі халықаралық кездесулерді қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, президент Дональд Трамптың бейбітшілік орнатудағы еңбегін мойындау мақсатында Бейбітшілік кеңесінің арнайы сыйлығын тағайындау жөнінде ұсыныс білдірді.

Іс-шара Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы бейбітшілік институтында өтіп жатыр. Осының алдында Трамптың өз сөзі кезінде Қазақстанды «өте бай мемлекет» деп атап, Тоқаевқа алғыс айтқанын жазған едік.

22 қаңтарда Давос форумында «Бейбітшілік кеңесі» таныстырылды. Бейбітшілік кеңесі – Трамптың Газадағы жағдайды реттеу үшін құрған ұйым. Оның Жарғысына Қазақстан, Өзбекстан, Венгрия және Армения тәрізді 18 ел қатысты.