
Қазақстан бойынша такси компанияларының 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы жиынтық табысы 186,1 млрд теңгені құрады. Бұл қаржының шамамен жартысына жуығы Алматы мен Астанадағы такси қызметінен түскен, деп хабарлайды EnergyProm.
Саладағы табыс
Алматыда компаниялар 47,4 млрд теңге, Астанада 39,4 млрд теңге табыс тапты. Сондай-ақ елеулі кіріс Алматы облысына (16,7 млрд теңге) және Қарағанды облысына (9,4 млрд теңге) тиесілі болды. Түсімнің өсімі жолаушылар ағынының артуынан көрініп отыр.
Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылы таксилер 174,5 млн адамды тасымалдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Ал 2023 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артық. Бұл үрдіс 2026 жылы да сақталып отыр. Яғни, қаңтар айында 22,9 млн жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,1 есе көп.
Жолаушылар саны
Барлық тасымалдың үштен бірінен астамы елдің екі ірі қаласына тиесілі. 2025 жылы республика бойынша 174,5 млн жолаушының 60,7 миллионы Алматы мен Астанада қызмет көрсетілді. Көш басында Алматы – 33,2 млн адам, одан кейін Астана – 27,6 млн. Кейінгі орындарда Алматы облысы – 13,7 млн, Маңғыстау облысы – 12,1 млн және Шымкент – 10,4 млн адам.
Ең төмен көрсеткіштер Ұлытау облысында тіркеліп отыр. Яғни онда 1,4 млн жолаушы. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы – 2,7 млн және Шығыс Қазақстан облысы – 3,5 млн. Бұл өңірлер халық тығыздығының төмендігімен және агрегаторлардың аз болуымен ерекшеленеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі бір сапардың орташа құны 1 100 теңгені құрады. Алматы мен Астанада бұл көрсеткіш 1 400 теңгеге жеткен. Ең жоғары орташа баға Қарағанды облысында – 1 500 теңге, ал ең төмені Қызылорда облысында – 540 теңге.
Бағалар өсуді жалғастыруда. 2025 жылдың желтоқсанында такси қызметі бір ай ішінде 1,8%-ға қымбаттады. Жыл бойы өсім дерлік ай сайын байқалды.
2025 жылы такси қызметі жалпы алғанда 17%-ға қымбаттады. Бір жыл бұрынғы өсім 8,4% болған. Баға ең көп Түркістан облысында – 42,9%-ға артқан. Ақмола облысында – 37,7%, Жетісу облысында – 21,2%.
Баға өзгермеген жалғыз өңір – Павлодар облысы. Ең төмен өсім Ақтөбе (2,7%), Батыс Қазақстан (3,3%) және Солтүстік Қазақстан (3,4%) облыстарында тіркелген.
Айта кетейік, енді такси қызметінің жұмысын ашық әрі қауіпсіз ету үшін қызметті бақылау тетіктері артады.