
Биыл Алматының іргесіндегі Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай «Іле Алатауы» МҰТП бас директоры Елнұр Мұхаметжанов парк жетістіктері туралы баяндады.
Директордың айтуынша, соңғы 30 жыл ішінде ұлттық парк аумағында сирек жануарлар саны айтарлықтай артқан. Соның ішінде қар барысының өсімі ерекше назар аударады.
1996 жылы парк аумағында небәрі 5–10 ілбіс (қар барысы) тіркелсе, бүгінде олардың саны 39 дараққа жеткен.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының бірі. 1996 жылы құрылған парк осы уақыт ішінде табиғи экожүйелерді сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау және орман қорын молықтыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.
Аумағы 35 мың гектарға ұлғайды
Құрылған кезде парк аумағы 164 450 гектарды құраған. Бүгінде оның көлемі 200 160 гектарға дейін кеңейді. Яғни 30 жыл ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ 35 710 гектарға ұлғайған.
5 миллионнан астам ағаш отырғызылды
1996–2025 жылдар аралығында ұлттық парк аумағында 1637 гектар жерге 5 010 000 дана ағаш көшеті отырғызылды. Орман қорын қалпына келтіру үшін қылқанжапырақты және жапырақты ағаш түрлерін өсіретін 7 уақытша тәлімбақ тұрақты жұмыс істейді.
Келушілер саны 34,5 есеге артты
Соңғы 30 жылда ұлттық паркке келушілер саны 27,4 мың адамнан 945,9 мың адамға дейін өсті.
Туристік маршруттар 46-ға жетті
1996 жылы небәрі 8 маршрут болған. Қазір олардың саны 46-ға дейін артты. Ең танымал бағыттардың қатарында:
- Үлкен Алматы көлі;
- Бутаковка шатқалы;
- Аюсай визит-орталығы;
- Ой-Қарағай;
- Түрген сарқырамалары;
- Есік көлі;
- Қаскелең және Ақсай шатқалдары бар.
Биыл Аққайың–Көкжайлау, Кузнецов сайы бағыттары, Бұтақты визит-орталығы мен Мәрмәр соқпағында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Алдағы үш жылда тағы 30 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр.
Сирек жануарлар саны артты
30 жыл ішінде Қызыл кітапқа енген жануарлар саны айтарлықтай өскен:
- Ілбіс – 5–10 дарақтан 39 дараққа;
- Тас сусары – 100-ден 493 дараққа;
- Қоңыр аю – 15–20-дан 85 дараққа;
- Бүркіт – 50-ден 97 дараққа жеткен.
Инвестициялық жобалар – 94
Экологиялық туризмді дамыту мақсатында инвестициялық жобалар саны 94-ке жетті. Бүгінде парк аумағында 3 шаңғы курорты, 5 визит-орталық және бірнеше заманауи демалыс нысаны жұмыс істейді. Сондай-ақ, биыл Ұлттық парк аумағында 30 жылдыққа арналған 30 іс-шара өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Іле-Алатауы ұлттық паркінде қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылғаны туралы жазған едік.