
Заңсыз интернет-казино ұйымдастырды деген істен тәркіленген Lamborghini Huracan көлігі аукционға шықты. Электронды сауда алаңында машина 66,5 млн теңгеге сатылған.
Бастапқыда машина бағасы 343 млн 332 мың теңге еді. Бірақ аукцион бағаны төмендету қағидаты бойынша өткізіліп, құны 66 млн 507 мың теңгеге дейін түсті. Яғни жаңа иесі көлікті бес есе арзанға сатып алған.
Құжатта жазылғандай, Lamborghini 2016 жылы шығарылған, көлемі 5.2 литр, автоматты беріліс қорабы, жанармаймен жүреді. Көлік қазір Алматы облысы, Өтеген батыр ауылында тұр. Сатушы ретінде Алматы мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру департаменті тіркелген.
11 ақпанда 1Win атты заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық топқа іздеу жариялағанын жазған едік. Сот қаулысымен олардың мүлкі тәркіленді. Қатарында Mercedes Maybach S500, Lamborghini Huracan, Toyota Land Cruiser бар.