Жаңалықтар

158 млн теңгенің DE BEERS гауһар сырғасы тағы аукционда сатылады

КУВА аукционға қойған гауһар сырға алты карат
фото: sauda.e-qazyna.kz

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) бір жылдан бері өтпей тұрған қымбат зергерлік бұйымдар мен сағаттарды қайтадан аукционға шығарды. Олардың арасында 158 млн теңгенің гауһар сырғасы мен 214 млн теңгенің сағаты бар.

Алтын мен гауһар

KUVA барлығы 39 бұйымды: 29 зергерлік әшекей мен 10 сағатты аукционда сатуды көздеп отыр. Сауда 13 наурызға белгіленген. Қайтарылған активтер – алқа, сырға, жүзік, білезік, тәспі және сағат электронды сауда порталында сатылады.

Зергерлік бұйымдар арасында Frank Muller, Yana Jewellery, Yeprem, Van Cleef & Arpels сынды брендтердің өнімдері бар.

Қымбат заттардың ішінде «DE BEERS» гауһар сырға ерекше көзге түседі. Оның аукциондағы бастапқы бағасы158 млн теңге. Бір қызығы, KUVA дәл осы сырғаны 2026 жылғы 20 қаңтарда 110 млн теңгеге өткізе алмаған. Себебі аукционға ешкім тіркелмеуіне байланысты өтпей қалған.

Бірнеше пәтер тұратын сағат

KUVA тағы он сағатты аукционға шығарады. Олардың арасында Breguet, Patek Philippe, Harry Winston, Bovet сынды брендтердің өнімдерін кезіктіруге болады.

Дегенмен олардың арасында «Ulysse Nardin Classic 789-80» қолсағаты ерекше көзге түседі. Оның аукциондағы бастапқы бағасы – 214 млн теңге. Оның бағасы әлі түсуі мүмкін. Өйткені KUVA бұл сағатты 13 қаңтарда 150 млн теңгеге сата алмаған.

Ulysse Nardin Classic 789-80 сағаты КУВА қайтарылған актив
214 млн теңгенің сағаты аукционда сатылады / фото: kuva.kz

Миллиондаған теңге тұратын қымбат әшекейлердің бұрынғы иесі кім екені айтылмайды.

Естеріңізге сала кетейік, зергерлік бұйымдар мен сағаттар сатылатын күннен бір күн бұрын – 12 наурызда «ескі» Қазақстан шенеуніктері тұрған пәтерлер арзан бағаға сатылады.

KUVA экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған Kaisar Plaza ғимаратын 61,5 млрд теңгеге сатқалы жатыр.

2026 жылғы 20 ақпанда экс-премьер Кәрім Мәсімовтің самурай қылышы жеті есе қымбат бағаға сатылған.