
Шетелден көлік сатып алып, оны Қазақстанда өз атына тіркеген азаматтар басқа мемлекетке шыққанда, кей жағдайда көліктері тәркіленіп жатыр. Мұндай фактілер соңғы уақытта жиілеген. Бұл туралы Қазақстандық автомобиль одағының президенті Анар Мақашева мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұған себеп – мұндай көліктердің көбі Қытайда лизингке алынған немесе басқа мемлекеттерде тыйым салынған, яғни оларға шектеу қойылған болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанда ресми түрде тіркелгеніне қарамастан, шетелге шыққан кезде олар тәркіленуі мүмкін.
Оралдық азамат оқиғасы
«Мәселен, жуырда ең даулы оқиға орын алды. Батыс Қазақстан облысының азаматы көлік сатып алған. Ол автокөлікті Дубайдан алған, қолында сатып алу келісімшарты мен инвойсы бар. Көлік жеткізіліп, Қазақстанда тіркеуге қойылған. Құжаттарының барлығы дұрыс сияқты көрінген», – деді ол форумда сөйлеген сөзінде.
Мақашеваның айтуынша, көлікпен Қазақстан аумағында еш қиындықсыз жүрген. Алайда шетелге шыққанда күтпеген жағдай орын алған.
«Ол отбасымен Грузияға демалуға барған. Шекарада оның көлігін тәркілеп алды. Себебі автокөліктің VIN-коды (көліктің жеке сәйкестендіру нөмірі) басқа бір базада шектеуде тұрғаны анықталған. Бұл – интерпол-дың халықаралық базасы. Сондықтан ол ештеңе дәлелдей алмады. Нәтижесінде көлік тәркіленіп, азамат отбасымен бірге бөтен елде қаражатсыз қалды. Қазір біз осы мәселемен айналысып жатырмыз», – деді Мақашева.
Сатқанда шығатын шикілік
Одақ басшысы шетелден немесе бұрын шетелден әкелінген көлікті сатып алған қазақстандықтардан көптеген өтініш түсетінін атап өтті.
«Азаматтар Қазақстан ішінде біреулер әкелген көлікті сатып алады. Оны бірнеше жыл пайдаланады. Алайда қайта сатуға келгенде көліктің қандай да бір шектеуі бар болып шығады», – деді ол.
Оның сөзінше, мұндай жағдайда қазақстандықтар автокөлікті заңды түрде сата алмайды. Осындай жағдайлар өте көп кездеседі.
«Басқа елдерде лизингте немесе несиеде тұрған көліктер пайда болып жатыр. Мысалы, қазір Қытайда лизингте тұрған автокөліктер де анықталуда. Олар Қазақстанға уақытша әкелу рәсімімен немесе басқа жолдармен жеткізіліп, кейін біздің азаматтарға қайта сатылған. Ал сатып алушы бұл көліктің басқа елде лизингте тұрғанын білмейді», – деді Анар Мақашева.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қытайдың автокөлік өндірушілері әлемдік нарықтарға шығуға белсенді түрде күш салып жатыр. Еуропа бұл үрдістен сырт қалған жоқ. Қытай автомобиль брендтері қазіргі уақытта еуропалық автосалондарды жаңа көліктермен толтырып, жоғары сапа, заманауи технологиялар мен тиімді бағаларды ұсынуға уәде етіп отыр.