
2026 жылы Қызылорда облысында күріш алқабы едәуір азайды. Өңір басшылығы суды аз қажет ететін дақылдар егуге ден қойды. Мәселен, қарасора суды көп қажет етпейді.
Биыл облыста 70 мың гектар жерге күріш егіледі. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 10,9 гектарға аз. Жалпы кейінгі төрт жылда күріш алқабы 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды.
Үкіметтің 24 ақпандағы отырысында Қызылорда әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осындай мәлімет берді. Оның айтуынша, өңір суды аз қажет ететін дақылдарға көшіп жатыр.
Қызылорда облысында барлығы 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
«Қысқартылған күріштің орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделіп отыр», – дейді өңір әкімі.
Нәлібевтың айтуынша, жүгері өңдейтін «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» іске қосылады. Жоба құны 40 млрд теңге. Бұған қоса, швейцариялық «Харвест Груп» компаниясы техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және оны өңдеу жобасын жүзеге асырмақ. Инвестиция құны – 51 млрд теңге.
«Жобалар аясында биыл жүгері дақылын 10 мың гектарға орналастырып, алдағы уақытта да ұлғайту жоспарланып отыр», – деді Нәлібаев.
Қарасорадан кендір жіп, мата, киім, ал оның дәнегінен ұн, май дайындауға болады.
Сыр елі күрішімен мақтанады. Алайда кейінгі жылдары Сырдария суы азайып, өңірде құрғақшылық күшейді. Күріш нәрді көп пайдаланатын дақыл болғандықтан, сусыз жылдары өнім аз түсіп жатыр.