Жаңалықтар

Жетімдер мен жесірлер елі: Украинадағы соғысқа төрт жыл

Украинада қираған үйлер
Украинада 350 мыңға жуық азаматтық нысан қирады / фото: shutterstock

Осыдан тура төрт жыл бұрын, 2022 жылғы 24 ақпанда, Ресей әскері Украина аумағына басып кірді. Жүздеген мың адамның өмірін жалмаған қанды қырғынның аяқталатын түрі жоқ.

Демографиялық апат

Соғыс басталғалы бері Украина шамамен 10 млн азаматынан айрылған. Олардың арасында майданда қаза тапқандар, елден көшіп кеткендер немесе Ресей басып алған жерлерде тұрып жатқандар бар.

CNN телеарнасымен сұхбаттасқан украин демографы Элла Либанованың айтуынша, елде туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен.

«Апат. Адамы жоқ мемлекет болмайды. Соғысқа дейін Украина халқының орналасу тығыздығы төмен болған», – дейді демограф.

Украина соғыста қаза тапқандар саны туралы мәлімет жарияламайды. Бірақ Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығы (АҚШ) соғыс басталған төрт жылда 100 мыңнан 140 мыңға дейін украин сарбазы қаза тапты деп есептейді.

украин сарбаздары
Соғыста 100 мыңнан астам украин жауынгері қаза тапты / фото: shutterstock

Америкалық орталық баяндамасында төрт жыл қырғында шамамен 1,2 млн ресейлік жауынгер қаза тапқан немесе із-түссіз жоғалған.

CNN телеарнасы соғыстың төрт жылдығына орай дайындаған репортажында Украинаны жетімдер мен жесірлер еліне айналды деп сипаттады. Ресми статистика да соны дәлелдеп отыр: қазір Украинада 59 мың бала жетім қалған.

2022 жылдың ақпанынан бері шамамен 6 млн адам елден көшуге мәжбүр болды. Олар шетелде босқын ретінде тіркелді. Көбісі әлі күнге дейін елден жырақта тұрып жатыр. Демограф жанжал созылған сайын азаматтардың елге оралу мүмкіндігі азая береді деп есептейді.

Майдан шебі

2022 жылғы ақпаннан бері Ресей әскері Украина аумағының шамамен бестен бірін басып алды. Ұрыстың алғашқы айлары шығыс және оңтүстік жерлердің басым бөлігі Мәскеудің бақылауына өтті. Дегенмен одан кейінгі уақытта ресейлік жауынгерлердің ішкерілей енуі әлдеқайда тежелген.

Reuters сарапшыларының айтуынша, 2023 жылдың басынан бері Ресей ұрыс алаңында бар болғаны шамамен 1,3% украин аумағын басып ала алды.

Deepstate картасы Украина мен Ресей арасындағы соғыс картасы
Украина мен Ресей арасындағы соғыс картасы / фото: Deepstate

Майдан шебі 1200 шақырымға созылып жатыр. 2023 жылдан бастап ұрыс жүргізу тәсілі күрт өзгерді. Енді арзан дрондар маңызды рөл атқаратын болды. Олар ұрыс шебін үнемі күзетіп жүреді.

Reuters мәліметінше, қазір Покровск және Купрянс қалалары үшін кескілескен ұрыс жүріп жатыр.

Дрон ұстап тұрған украин сарбазы
Дрон ұстап тұрған украин сарбазы / фото: shutterstock

Шығын шаш етектен

Бұл соғыс Украина экономикасына ауыр соққы боп тиді. Елдің жалпы ішкі өнімінің деңгейі 2021 жылғы көрсеткіштен 21%-ға, ал 90-жылдармен салыстырғанда – 40%-ға төмен.

Financial Times мәліметінше, 2026 жылы бюджет тапшылығы 7,5% болуы мүмкін. Былтыр ол 15% болған.

Украина жауынгері украин туын ұстап тұр
Украина экономикасы 90-жылдардағы көрсеткіштен 40%-ға төмендеді / фото: shutterstock

Соған байланысты Киев Батыс елдерінің қаржылай қолдауына аса зәру. 2025 жылғы желтоқсанда Еуропа Одағы Украинаға 90 млрд еуро көлемінде кредит беруге келіскен. Халықаралық валюта қоры да 8,1 млрд доллар несие бермек. Алайда Венгрия оған қарсы шығып жатыр.

Сарапшылар Украина соғыс зардабын әлі ондаған жылдар бойы тартады деп есептейді.

Соғыс қашан аяқталады

Әзірге бұл сұраққа жауап беру қиын. Бірақ бейбіт келіссөздер жүріп жатыр. Мәскеу ішінара басып алған Донбасс аймағын толықтай өзінде қалдырғысы келеді, алайда Киев оған көнбей, соғысты майданның қазіргі шебімен аяқтауды талап етіп отыр. Келіссөздер барысында Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының мәртебесі анықталмай тұр.

АҚШ президенті Дональд Трамп көрші елдер арасындағы соғысты тезірек аяқтауға уәде бергенімен, жер мәселесіне келгенде тараптар ортақ шешімге келе алар емес. Үшжақты кездесулер 2026 жылдың басында жиілегенімен, сарапшылар да соғыс аяқталатын уақытта дөп басып айта алмай отыр.