
Әнші, әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жары Бақыт Тұрман қасиетті Ораза айы басталғалы бері бір сұрақтың мазалайтынын айтты.
Ол ораза ұстамаса да, айналасындағылардың ауызашарға шақырып жатқанын айтты.
«Ораза басталғалы менде мынадай сұрақ туындайды. Мұның шешімін өздігімше ойлаймын. Бірақ бір ортада соны әңгіме етпеппін. Оразада адамдар ауызашар жасайды. Мен ауыз бекітпеймін, бірақ мені ауызашарға шақырады. Мен баруым керек пе, жоқ па?», – деп сауал тастады әнші.
Оның айтуынша, таныстары шақыру қағазын жіберіп шақырады. Бірақ Бақыт Тұрман баруға ұялады.
«Өйткені менің ауызым берік емес. Ол жерге неге барамын? Бір жағынан бірге болыңыз деп айтады. Ұдайы екі ойлы болып жүремін. Барған дұрыс па, бармаған дұрыс па? Шақырып тұрса, бармасаң, тағы да біртүрлі», – деді әнші.
KursivMedia-ға бұл сұрақтың жауабын дінтанушы Қайрат Жолдыбай берді. Оның айтуынша, мешітте немесе қайырымдылықпен айналысатын мекемелер ауызашар ұйымдастырса, ораза ұстаған адамдарға арналған ауызашарларға бармаған дұрыс.
«Ол жерге қарын тойдыру үшін бармайды. Адамдарда туыстық, әріптестік, жора-жолдастық қатынастар болады. Бұл жерде ораза ұстаумен қатар, қарым-қатынаста маңызды болып саналды. Әйел ораза ұстай алмай қалса, жолдасымен бірге бара беруге тиіс. Ораза ұстамағаныңды айту керек. Сонда да келе бер десе, бару керек. Ол адам тек ауыз аштыру үшін емес, сыйластық үшін де шақырып отыр», – деп жауап берді дінтанушы.
Айта кететін жайт, Мөлдір Мұқан әнші Бақыт Тұрманның «Әзіл әлемі» сахнасына шығарылмай қалғаны туралы айтылған қауесетке қатысты пікір білдірді.