Жаңалықтар

Екібастұзда жалпы қуаты 200 МВт болатын төрт деректер орталығы салынады

Новые мощные ЦОДы планируют запустить в Экибастузе/primeminister.kz, бильд-редактор Дастан Шанай

Үкімет отырысында Павлодар облысы Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтары (ДӨО) алқабын» құру жобасының барысы қаралды. Жоба аясында әрқайсысы 50 МВт қуаттылыққа ие жасанды интеллектке негізделген төрт деректер орталығын іске қосу жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымы қандай

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, бүгінде жоба үшін 1,4 мың гектар жер телімі бөлінген. Инфрақұрылым халықаралық Tier III стандартына сәйкес келеді деп күтілуде, ал энергия тиімділігінің коэффициенті (PUE) 1.25 деңгейінде болмақ.

Қазіргі уақытта инвесторларды тарту үшін Greenfield аймағы құрылып, 100 МВт-қа дейінгі алғашқы қуат көздері дайындалды.

Hyperscale және BigTech компанияларының сұранысын қанағаттандыру үшін желілік кідіріс уақытын 80-нен 57 миллисекундқа дейін төмендету көзделген. Бұл көрсеткіш еуропалық трафик алмасу орталықтарының деңгейіне сәйкес келеді. Жалпы алғанда, кампустың энергетикалық әлеуетін кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін жеткізу жоспарлануда.

Экономикалық болжам

Үкіметтің есебі бойынша, бұл жобаны толық іске асыру:

  • 30 млрд долларға дейін инвестиция тартуға;
  • 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға;
  • Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты ведомстволарға құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізуді және қажетті нормативтік актілерді қабылдауды жеделдетуді тапсырды.

Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үлкен деректерді өңдеу орталығы салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңі жылдың басында іске қосылады деп жоспарланған. Жобаны Akashi Data Center компаниясы жүзеге асырып жатыр.