
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құқық қорғау органдарынан Эпштейн құжаттарында аты аталған ел азаматтарына қатысты тексеру жүргізуді талап етті.
Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне қатысты құпия құжаттармен танысып шыққан депутат Бақытжан Базарбек бүкіл әлем талқылап жатқан мәселені Қазақстан билігі айналып өтпеуі тиіс деп есептейді.
«Эпштейн файлдары жарияланған соң, мен де солардың бірқатарын көріп шықтым. Құжаттарда есімі аталған адамдарды да көрдім. Құқық қорғау органдары баға беруі керек. Тексеруі тиіс. Құжаттарда есімі аталған адамдардың бәріне тексеру жүргізуі керек», – деді төменгі палата депутаты.
Базарбек әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Ұлыбритания үкіметінің Эпштейн құжаттарына қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мысалға келтірді. Мәселен, Лондон тергеліп жатқан Эндрю ханзадаға қатысты мәліметтерді жариялау жөнінде шешім қабылдады. Ол құжаттарда Қазақстанға, соның ішінде саяси элитаға қатысты мәліметтер болуы әбден мүмкін.
«Бұл – моральдық-этикалық шекара. Оны аттап өткен азамат қоғам ғана емес, заң сынына ұшырауы тиіс», – деп мәлімдеді қазақ депутаты.
Құпия құжаттар Джеффри Эпштейннің Қазақстан элитасымен тығыз байланыста болғанын анық көрсетеді. Бірнеше жыл бұрын жарық көрген құжаттарда Рахат Әлиевтің есімі кездессе, бұл жолы Кәрім Мәсімов, Өмірзақ Шөкеев, Қайрат Келімбетов, Нұрлан Құсайынов, Ержан Қазыханов және басқа да ірі лауазым өкілдерінің есімі аталды.
«Билікте отырған лауазымы жоғары тұлғалардың да қатысы болса, біздің құқық қорғау органдары дереу қылмыстық іс қозғап, оларды тергеу қажет», – деп есептейді Базарбек.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ Әділет министрлігі атышулы Джеффри Эпштейннің зорлық-зомбылық қылмыстарын зерттеуге қатысы бар 3 млн құжатты жариялады. Құпия файлдарда Қазақстан элитасындағы адамдардың аты-жөні аталады.