
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл елдегі қымбатшылық салдарынан халықтың тұрмысы нашарламас үшін жалақы көтерілуге тиіс деп есептейді. Ол бұл туралы мәжіліс кулуарында айтты.
«Сол кезде халықтың табысы бағаның өсуімен тең немесе жоғары болады. Сонда ғана әлеуметтік жағдай дұрысталады. Қазіргідей баға өсіп, тариф қымбаттап, ал жалақы өспей жатса, онда халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлады деген сөз. Сондықтар ең төменгі жалақы болсын, орташа немесе медиандық жалақы болсын, биыл-келер жылы міндетті түрде өсуі керек», – деді ол.
Бұл ретте депутат елдегі инфляция мен қымбатшылық себебіне де тоқталып өтті. Үкімет 2024-2025 жылдары бюджет тапшылығын жабу үшін ел экономикасына Ұлттық қордан артық ақша құйды. Алайда сол қаражатқа ел экономикасында тауар өндірілмеді. Осы артық ақша бағаның өсуіне алып келді.
«Биыл біз Ұлттық қордан қаржы алуды шектедік. Қордан қаржы алмасақ, онда инфляция да төмендеуге тиіс. Бірақ оның нәтижесін жарты жылдан соң ғана көреміз. Дәл қазір екі айдың ішінде бірдеңе деу өте қиын. Жарты жыл өткен соң, инляфция мен баға қандай болғанын, жалақы қалай өскенін айтуға болады», – деді депутат.
2025 жыл соңында елдегі инфляция қарқын алып, 2026 жыл басында 12,3 пайызға жетті. Биыл жаңа Салық кодексі күшіне еніп, қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға өсуі, базардағы бағаны шарықтатып жіберді.
Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге деп бекітілген. Ал орташа жалақы 324 мың теңгеден асады. Қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды.