Жаңалықтар

Экс-премьердің немере інісі Жайық жағасындағы шипажайдың ірі акционері атанды

Фото: sanatory-atyrau.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Марат Балғымбаев «Атырау» шипажайы» компаниясының ірі акционерлерінің тізіміне енді. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийінде жариялаған хабарламада жазылған.

20 ақпаннан бастап шипажайдың 10% және одан жоғары акциясына иелік ететін ірі акционерлер қатарында Марат Балғымбаев пен «ДАН-Ис-Сервис» компаниясы көрсетілген. Бұған дейін тек «ДАН-Ис-Сервис» қана ірі акционер болып келген еді.

eGov мәліметінше, «Атырау» шипажайы» акционерлерінің саны 1 ақпанмен салыстырғанда өзгерген жоқ және 24 ақпандағы жағдай бойынша 47 тұлғаны құрайды.

Яғни Марат Балғымбаев «Атырау» шипажайы» компаниясындағы өз үлесін арттырған болуы мүмкін. Бұл ретте қоғам жаңа ірі акционер пакетінің нақты көлемін ашқан жоқ, сондай-ақ басқа қатысушылардың үлесіндегі өзгерістер туралы да хабарламады.

Шипажай кешені Жайық өзенінің жағасында, жағажайға жақын қолайлы жерде орналасқан. Көлемі 3 гектарға жуық күзетілетін аумақта 5 қабатты тұрғын үй корпусы, асхана, балшықпен емдеу орны, қосалқы бөлмелер орналасқан, сонымен қатар субұрқағы бар саябақ, серуендеу жолдары, орындықтар, жарықтандыру жүйесі, спорт алаңы мен автотұрақ бар.

«ДАН-Ис-Сервис» компаниясының ортақ иелері ретінде Қуанышқали Төлеуғалиев, Сәрсембай Муринов (ашық дереккөздерде бұрын «ҚазТрансОйл» компаниясы басшысының бірінші орынбасары ретінде көрсетілген) және Марат Балғымбаев белгіленген. «ДАН-Ис-Сервис» компаниясы 2025 жылы 1,1 млн теңге, 2024 жылы 2,4 млн теңге салық төледі.

Марат Балғымбаев Атыраудағы құрылысқа арналған болат конструкцияларын шығаратын «КаспийМеталл» компаниясының бірінші басшысы, оның жалғыз иесі – Төлеген Балғымбаев. Бұл компания 2025 жылы 81 мың теңге, 2024 жылы 162,1 мың теңге салық төлеген.

Марат Балғымбаевтың ағасы – Нұрлан Балғымбаев (2015 жылы қайтыс болған), 1997-1999 жылдары Қазақстанның Премьер-министрі болған, сондай-ақ Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақойл» ұлттық компаниясын басқарған.

2014 жылы Нұрлан Балғымбаев Forbes нұсқасы бойынша ең ықпалды бизнесмендер тізімінде 28-орынға ие болды. Басылым оның балалары Төлеген Балғымбаев пен Самал Балғымбаеваны бұрынғы шенеуніктің бизнестегі серіктестері деп атаған.

2024 жылы Төлеген Балғымбаев 63 млн доллар дәулетімен Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай адамдарының тізімінде 75-орында болды.

«КаспийМеталл» компаниясынан бөлек, оның «Isker Консорциумы» мен West Dala компанияларында үлесі бар, сондай-ақ ол «Уест Ойл», «Алма Ист Вест Груп» және АМS-Real Estate кәсіпорындарын бақылайды.

«Атырау» шипажайы» 2024 жылы 339,4 млн теңге табыс тапты (2023 жылғы 217,9 млн теңгемен салыстырғанда), сондай-ақ 96,2 млн теңге пайда (2023 жылы 18,1 млн теңге пайда) алды. 2024 жылдың соңында компанияның жабылмаған шығыны 100,1 млн теңгені құрады.

Компанияның бірінші басшысы Венера Өтеғалиеваның сыйақысы 2024 жылы 5,8 млн теңге, 2023 жылы 4,6 млн теңге болды. Шипажай соңғы жылдары дивиденд төлеген жоқ, жиналған пайданы жаңа активтер құруға бағыттады.