
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді мәжбүрлі әрі өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартқандарды айыппұлмен жазалау керек деп мәлім етті.
«Педагог мәртебесіне қатысты басты мәселе – педагогтердің жауапкершілігі. Жалпы демалыс кезінде, жазғы демалыс уақытында, түнгі уақытта мұғалімдер балаларға жауап бермеуі керек. Керек болса полиция бар. Кейбір өңірлерде балалар түн мезгілінде құқық бұзғаны үшін мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген. Сондай-ақ оларды өзен күзетуге де шақырған. Сөйтіп онда еңбек демалысы бұзылған. Біз бұл жерде тайға таңба басқандай айтамыз. Мұғалім оқу процесі кезінде ғана жауапты болуы керек. Ал каникулда, түнгі уақытта оқушының ата-анасы жауапты. Бұл – бір», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың сөзінше, екіншіден, егер ұстаздардан қажеті жоқ есептерді талап етсе, оларды құзіретіне жатпайтын жұмыстарға тартса, мәселен, сенбіліктерге тартса, қазіргі жағдайда айыппұл жоқ, тек ескерту бар.
«Біздің ұсынып отырғанымыз – ескерту емес, нақты кішкентай мөлшерде болса да айыппұл болу керек. Егер мектеп басшысы соны істетсе, мектеп басшысына, білім басқармасы сондай шешім қабылдаса, онда білім басқармасына, министрлік шешім қабылдаса, министрлікке, яғни, мемлекеттік органдарға қарастырылған», – дейді депутат.
«Не көп, чат көп»
Аймағамбетовтің сөзінше, үшіншіден WhatsApp топтары деген мәселе бар.
«Бұл көбінесе пандемия кезінде шықты. Әдетке айналды. Бір мұғалімнің өзінде 15 чаты болады. Оқушымен, ата-анамен және тағысын-тағы. Оның барлығына жауап беру оңай емес. Әсіресе, сабақ бергеннен кейін мұғалімнің отбасы, жеке өмірі бар. Біздің айтпағымыз, мұғалім міндетті болмау керек. Ресми бекітілмеген платформаларда жауап беруге тиісті емес. Шетелге барсаңыз, балаңыз 11 жыл оқыса да мұғалімнің телефон нөмірін білмеуіңіз мүмкін. Сондықтан біріздендіру керек», – дейді Аймағамбетов.
Айта кетейік, енді мұғалімдер оқушының өмірі мен денсаулығына оқудан тыс уақытта жауап бермейді. Мәжіліс депутаттары осындай нормаларды көздейтін заң жобаларын қарауға алды.