Жаңалықтар

Қазақ элитасымен тығыз араласқан Эндрю ханзадаға қатысты құжаттар жарияланады

Гога Ашкенази мен Эндрю ханзада
Қазақстаннан шыққан Гога Ашкенази ағылшын патша отбасымен жақын араласты / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлыбритания үкіметі бұрынғы ханзада Эндрюге қатысты тергеу материалдарын жариялауға келісті, деп хабарлайды Reuters. Құжаттарда Қазақстан туралы мәліметтер болуы мүмкін.

Лондон шешімі

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер басқаратын үкімет сейсенбі, 24 ақпанда Эндрю Маунтбеттен-Уиндзордың сауда өкілі қызметіне тағайындалуына қатысты құжаттарды жариялауға келісті. Мұндай шешім америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн құжаттары төңірегіндегі дау өршіп тұрған уақытта қабылданды.

Чарльз патшаның інісі өткен аптада тұтқындалған. Содан кейін парламенттегі депутаттардың кейбірі патша отбасына сын айтуға тыйым салатын дәстүрді аяқтау керек деп мәлімдеп үлгерген.

Ханзада атағынан айрылған Эндрю үш ғасырдан астам уақыт ішінде ағылшын патша отбасының тұтқынға түскен алғашқы мүшесі болды. Полиция оны қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен тергеп жатыр.

Эндрю бұған дейін өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, Эпштейнмен араласқанына өкінетінін мәлімдеген.

Байлыққа ұмтылған

Сауда министрінің орынбасары Крис Брайант парламенттегі пікірталас кезінде Маунтбеттен-Уиндзор сауда өкілі қызметін атқарған уақытта «үнемі өзін мақтап, дәулетін арттыруға бағытталған әрекеттермен» айналысқанын мәлімдеді.

Брайант оны «өрескел, менмен және өзін басқадан артық көретін адам» деп сипаттап, ханзада қоғамдық мүддені өз жеке мүддесінен ажырата алмағанын айтты.

Елизавета патшайымның екінші ұлы Маунтбеттен-Уиндзор 2001-2011 жылдар аралығында Ұлыбританияның Халықаралық сауда және инвестиция жөніндегі арнайы өкілі болған. Осы қызметте ол әлем бойынша ірі бизнес және үкімет өкілдерімен кездесіп, жалақысыз жұмыс істеген. Қазақстанға да бірнеше мәрте келген.

2026 жылғы қаңтардың аяғында АҚШ үкіметі Эпштейнге қатысты 3 млн құжат жариялады. Содан кейін ағылшын полициясы ханзаданы тергей бастады. Құпиясы ашылған хаттарда Маунтбеттен-Уиндзор сауда өкілі қызметінде жүргенде Эпштейнге құжаттар жіберген. Сауда өкілдеріне мұндай мәлімет жолдауға тыйым салынған.

Бұрынғы ағылшын ханзадасы Эндрю
Эндрю ханзада бүкіл атағынан айрылып, сарайдан қуылған / фото: REUTERS/Toby Melville

Сүйекке басылған таңба

Парламенттегі кемі төрт депутат патша отбасына сын айтуға тыйым салатын ережені алып тастауды талап етті.

«Ескірген ережелер демократиямызға сын. Ешкім, дәрежесіне немесе артықшылығына қарамастан, заңнан жоғары тұрмауы керек», – деді Шотландия ұлттық партиясының депутаты Брендан О’Хара.

Дегенмен төменгі палата спикері бұрынғы ханзаданың енді патша отбасының мүшесі еместігін ескеріп, депутаттарға оны талқылауға рұқсат берді. Эндрю 2025 жылы барлық атағынан айрылған.

Либерал-демократтар үкіметті оның тағайындалуына қатысты барлық құжаттарды жариялауға мәжбүрлеу үшін парламенттің ескі ережесіне жүгінді. Брайант үкіметтің осы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Ол құжаттарды мүмкіндігінше тезірек жариялауға тырысатынын, бірақ полиция тергеуіне кедергі келтірмеу керек екенін ескертті.

Қазақстан мен саяси элитаға қатысы бар

Құпия құжаттардың жариялануы сол кездегі премьер-министр Тони Блэр үкіметінде қызмет еткен тұлғаларды, сонымен бірге ағылшын патша отбасын ұятқа қалдыруы мүмкін.

Маунтбеттен-Уиндзор АҚШ үкіметі Эпштейнге қатысты 3 миллион құжат жариялағалы бері ашық мәлімдеме жасамады. Құпия құжаттарда 2010 жылы Вьетнам, Сингапур және басқа елдерге ресми сапарлары туралы есептерді ханзаданың Эпштейнге жібергені әшкере болған.

Лондон жариялайтын құжаттарда Қазақстанға, соның ішінде саяси элитаға қатысты мәліметтер болуы әбден мүмкін. Өйткені Эндрю 2001–2011 жылдары сауда өкілі қызметін атқарған уақытта Қазақстанға бірнеше рет келген. Мәселен, ағылшын ханзадасы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерімен кездескен. Қазақстанның тұңғыш президенті бірнеше мәрте Букингем сарайында болған. Ресми кездесулерге Эндрю ханзада да қатысқан. Ағылшын баспасөзі әсіресе Эндрюдің қазақ элитасымен күмәнді сауда келісімдері туралы көп жазды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Дариға Назарбаева, Елизавета патшайым
Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 4 қарашада Букингем сарайына барды / фото: Ақорда

Ұлыбритания үкіметі күдіктінің сауда өкілі ретіндегі барлық сапарлары, кездесулері, хат алмасулары мен есептерін жариялауы мүмкін. Эндрюдің Қазақстанға сапарлары осы күнге дейін жасырын болып келді, енді соны құжаттардың жариялануы сол кездегі істерді ашуы ықтимал.

Лондон ол құжаттарды 2026 жылы жариялауы мүмкін. Сол кезде құжаттардың ішінен қазақ элитасының өкілдеріне, Назарбаев отбасына қатысты мәліметтер, инвестиция туралы баяндамалар, тіпті Қазақстан туралы Эпштейнге жолданған есептер шығуы әбден мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Kursiv.Media бұған дейін Эпштейн құжаттарындағы қазақ элитасының өкілдері туралы жазған.

Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн  жыныстық қылмыстарға қатысты көптеген айыптармен 2019 жылғы 6 шілдеде екінші мәрте ұсталды. Сотталушыға 45 жыл түрме жазасына тартатын ауыр айыптар тағылды. 2019 жылы ол түрмеде өзіне қол жұмсады.