Жаңалықтар

Сотталғандарға смартфон қолдануға рұқсат береді

Түрмеде телефон, смартфон пайдалануға рұқсат береді
фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор Серікжан Қобыланбаев

Қазақстандағы жабық мекемелерде жазасын өтеп жүрген азаматтардың бірқатарына смартфон қолдануға рұқсат береді. Осы және басқа да жеңілдік енгізуді көздейтін құжат жобасы талқылауға шығарылды.

Ішкі істер министрі бұйрығының жобасы 24 ақпанда Ашық НҚА порталында жарияланды. Құжат қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртібіне арналған.

Атап айтқанда, қауіпсіздігі мейлінше төмен мекемелерде жазасын өтеп жүргендер кездесу, қалаға шығу туралы өтініштерді терминал арқылы өткізе алады.

Бұған қоса, тәртібі жақсы сотталушыларға тағы бірқатар жеңілдік беріледі. Мәселен, оларға «мекемеден тыс жерге шыққан жағдайда смартфон пайдалануға рұқсат береді». Сонымен бірге тәртіпті азаматтар «тыныш сағат» ала алады.

Осының бәрі сотталушылардың жағдайын жақсарту, тәртіпті азаматтарды ынталандыру мақсатында енгізілгелі отыр.

Министр бұйрығы порталда 13 наурызға дейін талқыланады.