
Енді мұғалімдер оқушының өмірі мен денсаулығына оқудан тыс уақытта жауап бермейді. Мәжіліс депутаттары осындай нормаларды көздейтін заң жобаларын қарауға алды.
Парламент Мәжілісінің қарауына «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері» және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің «Педагог мәртебесі мәселелері» бойынша өзгерістер енгізу туралы заңдар жолданды. Аталған заң жобасы педагогтердің құқығын қорғауды күшейту мақсатында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Сабақтан тыс уақытта оқушы өміріне ата-ана ғана жауапты болады
Заң жобаларында келесі нормалар ұсынылды. Бірінші, педагогтердің балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін тек оқу процесі барысында айқындау, яғни оқудан тыс уақытта және каникул немесе кешкі уақытта ата-анасының жауапкершілігі болуы тиіс. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының Тамыз кеңесінде берген тапсырмасы бар, – деп мәлімдеді Асхат Аймағамбетов мәжілістің жалпы отырысында.
Мұғалімдерді түрлі шараларға қатыстыруға жол берілмейді
Заң жобасында педагогтерді олардың кәсіби қызметіне қатысы жоқ түрлі іс-шараларға тартуға жол бермеу нормалары да қамтылған.
Үшінші, ол есептілікті бір мезгілде екі форматта, қағаз және электронды түрде жүргізуге тыйым салу ұсынысы енгізілгенін айтты. Тек бір форматта ғана болуы тиіс, – деді депутат.
Бұдан бөлек, депутаттар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте педагогтердің құқығын бұзғаны үшін санкцияларды күшейту жөніндегі нақты нормалар ұсынып отыр. Осы орайда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті заң жобасын қарап, ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын.
Осыған дейін Асхат Аймағамбетов енді педагогтерді әлеуметтік желіге Reels түсіруге мәжбүрлеуге жол берілмейтінін жазған еді. Жұмыстан тыс уақытта WhatsApp-та жауап беруге міндетті болмайды.