
«Respublica» партиясы фракциясының депутаты Олжас Құспеков Қазақстанда Жол қорын құруды ұсынды. Мәжілісмен бұл жол-көлік оқиғаларының көбеюі мен автожолдардың тозу мәселесін жүйелі түрде шешу үшін қажет деп санайды.
Жол апаты көбейді
Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік апаты тіркелген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14% көп. Апат салдарынан 51 мыңнан астам адам зардап шегіп, шамамен 2,5 мың азамат қаза тапқан. Ең қауіпті жол-көлік апаттары елден тыс трассаларда жиі болады.
Қаржы жетпейді
«Бүгінде автокөлік саласы қаржы тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келуде. Жыл
сайын қажетті қаржы мөлшері шамамен 1,9 трлн теңгені құрайды, ал нақты
бөлінетін қаражат тек 1 трлн теңге шамасында. Республика бюджетінен жалпы
пайдалануға арналған автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға жыл сайын шамамен
44 млрд теңге бөлінеді«, – деді депутат Премьер-Министрге жолдаған сауалында.
Депутаттың пайымдауынша, бұл қаржы жолдардың табиғи тозуын және көлік ағынының артуын толық жаба алмайды.
Соның салдарынан:
- қозғалыс қарқыны жоғары жолдар тез бұзылады;
- қысқы мезгілде жол күтімі күрделене түседі;
- өткізу бекеттерінде кептелістер көбейеді;
- елдің транзиттік әлеуеті төмендейді.
Депутаттың айтуынша, жыл сайынғы жол салу мен реконструкция мәселелерді
жүйелі шешпейді, өйткені қаржыландыру бюджет циклдеріне тәуелді. Осыған байланысты депутат Қазақстанда Жол қорын құруды ұсынды.
«Қазақстанға Жол қоры қажет – ашық, мақсатты және ұзақ мерзімді
қаржыландыруды қамтамасыз ететін тұрақты механизм. Ол республикалық
жолдарды салу, күтіп ұстау және жаңғыртуға бағытталады», – деп түсіндірді мәжілісмен.
Халықаралық тәжірибеде қалай?
Құспеков әлемдік тәжірибе мұндай механизмдердің тиімді екенін көрсетті деп санайды. Мәселен, АҚШ-тағы Highway Trust Fund жыл сайын 40–50 млрд доллар көлемінде қаржы жинайды.
«Германияда жол төлемдері жылына 8–9 млрд доллар, ал Польшада Ұлттық жол қоры шамамен 5–6 млрд доллар береді. Өзбекстанда сала тұрақты түрде жылына 200 млн доллар деңгейінде қаржыландырылады. Барлық жағдайда жүйелі және бекітілген қаржыландыру көздері жұмыс істейді«,– деп мысал келтірді ол.
Қаржыландыру көздері қандай болуы мүмкін?
Депутаттың ұсынысына сәйкес, Жол қорын толықтырудың бірнеше тетігі қарастырылуы мүмкін:
- ақылы жол учаскелерін кеңейту;
- транзиттік алымдар енгізу немесе ұлғайту;
- жол бойындағы сервистік қызметтерден түсетін кірістер;
- салықтық емес басқа да түсімдер;
- автокөлік әйнектерін тонировкалауға ақылы рұқсат беру механизмін енгізу.
Депутат ұсынысы
Олжас Құспеков Үкімет басшысы Олжас Бектеновке келесідей ұсыныстар айтты:
- ҚР Жол қорын құру мәселесін қарастыру;
- қордың тұрақты қаржыландыру көздерін айқындау;
- қажетті заңнамалық өзгерістер бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу ұсынылды.
Депутат жол қорын құру, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді деп пайымдайды.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстандағы ақылы жолдар арқылы шамамен 74 млн рет сапар жасалған. «ҚазАвтоЖол» 26 жолдың қайсысында көлік көп жүретіні туралы мәлімет таратты. Рейтингте Алматы-Қонаев ақылы жолы көш бастап тұр. Былтыр дәл осы жолмен 11,8 млн мәрте сапар жасалған. Екінші орында Шымкент-Өзбекстан шекарасы (9,3 млн), ал үшінші орында Шымкент-Тараз (6,5 млн) тас жолы тұр.