Жаңалықтар

Ұлыбритания Алматы мен Ақтөбеде мектеп пен университет ашады

Coventry University Ұлыбритания
Coventry University Kazakhstan енді Алматы қаласында кампус ашқалы жатыр / фото: shutterstock

Ұлыбритания Қазақстанда университеттер мен мектептер ашуды көздеп отыр. Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Лондонға сапары барысында елде білім мекемелерін ашу туралы бірқатар құжат қабылданды. Бұл туралы СІМ хабарлайды.

Көшербаев Лондонда Ұлыбританияның бизнес-қоғамдастығымен кездесті. Жүздесуге «Coventry University» мен «Cardiff University» өкілдері де қатысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша бірнеше келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, «Coventry University» мен «Coventry University Kazakhstan» арасындағы серіктестікті кеңейту және Алматы қаласында лицензиялық кампус ашу туралы меморандум қабылданды.

Бұдан бөлек, Алматы қаласында «Charterhouse School» мектебін ашу, «Cardiff University» жасанды интеллект орталығын іске қосу, сонымен бірге Ақтөбе қаласында «Heriot-Watt University» жаңа кампусын ашу жоспары жарияланды.

Cardiff University Kazakhstan 2024 жылғы қыркүйекте Астана қаласында кампус ашқан. Ал Heriot-Watt University әзірге Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында жұмыс істеп жатыр.