
26 ақпанда түнде Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыс болып, ондаған адам қаза тапты. Исламабад екі ел арасындағы шиеленісті «ашық соғыс» деп сипаттады.
Ауғанстанда билікте отырған «Талибан» үкіметі бейсенбі күні кешке Пәкістанның әскери шептеріне шабуылдады. Тәлібтер үкіметі баспасөз хатшысының орынбасары Хамдулла Фитраттың мәлімдеуінше, ауған күштері 55 пәкістандық сарбазды өлтіріп, 19 әскери бекіністі басып алды. Алайда ресми Исламабад Кабул мәлімдемесін жоққа шығарып, шабуылдан екі жауынгері қаза тапқанын жариялады.
Артынша Пәкістан күштері Ауғанстанның Кабул, Қандағар және Пактия провинцияларын атқылады. Исламабад 133 содырдың көзін жойғаны туралы мәлімдеме таратты. Бірақ оны «Талибан» жоққа шығарып, қарымта соққыдан сегіз сарбазы қаза тапқанын айтып отыр. Екі ел арасындағы қақтығыс туралы мәліметтерді CNN және Әл-Жазира телеарналары таратты.
Бұл уақытта Пәкістан қорғаныс министрі Хаваджа Асифф екі ел арасындағы қарулы қақтығысты «ашық соғыс» деп сипаттады.
«Біздің төзіміміз таусылды. Енді біз сендермен ашық соғыс жүргіземіз», – деп жазды министр X әлеуметтік желісіне.
2025 жылғы 18 қазанда Ауғанстан мен Пәкістан атысты доғару туралы келісімге отырған. Дохадағы келіссөздерге Катар мен Түркия арағайындық жасаған.
Көрші елдер арасындағы қақтығыс жер дауынан туындаған. 1893 жылы ағылшындар Ауғанстан мен Пәкістан арасында Дюранд сызығын белгілеген. Шекараның 2,6 шақырымға созылған бөлігін ауған үкіметі мойындамайды. Даулы жерде үнемі қақтығыс болып тұрады.