
Мәжіліс пен Сенат депутаттары Парламент таратылғаннан кейін, басқа жұмысқа орналасып үлгермесе, тағы үш ай бойы толық жалақы алып тұрады. «Курсив» басылымының сауалына ҚР Орталық сайлау комиссиясы осылай жауап берген
«Парламент депутатына ол жұмысқа орналасқанға дейін немесе зейнеткерлік жасқа толғанға дейін ай сайын оның орташа айлық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төленеді, бірақ бұл төлем өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспауы тиіс», – деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясы.
Бұл норма «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы, 5-1-тармағымен реттеледі. Ел заңнамасында депутаттарға берілетін басқа ешқандай төлемдер қарастырылмаған.
Еске салайық, қазіргі Парламент депутаттарының жұмысы осы жылы бірінші шілдеде аяқталады. Егер жаңа Конституция жобасы қабылданса, онда бірінші қыркүйектен бастап елде Құрылтай жұмысын бастайтын болады.