Жаңалықтар

Ресей билігі Whatsapp-тан кейін Telegram-ды да бұғаттамақ

Телеграм желісі бұғаттамақ
фото: shutterstock

Сәуірде Ресейде Telegram мессенджері толық бұғатталуы мүмкін. Бұл туралы құзырлы органдағы дереккөздеріне сілтеме жасаған РБК жазады.

РБК дереккөзінің мәліметінше, сәуір айына қарай Telegram тек майдан шебінде ғана жұмыс істейтін болады. Ал «Baza» телеграм-арнасы бұғаттау 1 сәуірде басталуы мүмкін екенін хабарлады. Кремльге жақын екі дереккөз де шешім нақты екенін растаған.

Бұғаттауға негізгі себеп – платформада құқыққа қайшы әрекет жасауға азғырған контент көбейген. «Комсомольская правда» мәліметінше, Telegram әкімшілігі Роскомнадзордың талаптарын орындамаған.

  • Балалар порнографиясына қатысты 1369 арна мен бот;
  • Есірткі тақырыбындағы 3771 материал;
  • Суицид туралы 2666 және кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартуға қатысты 2124 арна;
  • Экстремизмге шақыратын және «қарсыласты қаржыландырумен» байланысты 10,5 мыңнан астам арна жойылмаған.

Ал тағы 1125 арнада экстремистік және террористік ұйымдардың материалдары жарияланған.

Бұған дейін Ресейде Telegram иесі Павел Дуровқа қылмыстық іс ашылғанын жазған едік. Оны терроризмді қолдауға жәрдемдесті деп айыптап отыр.