Жаңалықтар

Щучинскідегі жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалды

Оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты/фото: ТЖМ

Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалды. Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиғадан 28 адам зардап шекті. Ішінде 13-і ауруханаға жатқызылды, 8-і медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қайтыс болды.

«Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың жағдайы медициналық қызметтердің бақылауында», – деп хабарлады ТЖД.

Оқиға болғаннан кейін жанып жатқан дәмханадан көлемі әрқайсысы 50 литр болатын 5 газ баллоны және 2 оттегі баллоны шығарылған. Бұл ғимарат ішінде қайта болуы мүмкін жарылыстардың алдын алды.

«Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады департамент.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан жедел желі ашылды: 8 (7162) 51-42-98.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 26 ақпанға қараған түні болған. Жеті адамның бесеуі оқиға орнында көз жұмса, екеуі жансақтау бөлімінде қайтыс болған.