Жаңалықтар

Иранда Қазақстанның 96 азаматы жүр, олар аман – СІМ

Фото: ҚР СІМ

Сыртқы істер миниситрлігі Иранда Қазақстанның 96 азаматы жүргенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қазір Иран аумағында 96 қазақстандық бар.

«Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелері азаматтарымызбен тұрақты байланыста. Қазіргі уақытта Ирандағы Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ», – деп жазылған ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, бүгін Израиль Иранға қарсы соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац хабарлады. Осыдан кейін Трамп АҚШ-тың Иранға соғыс жариялауын ресми мәлімдеді.

Ирандағы ахуалдан кейін Air Astana Таяу Шығысқа рейстерді шұғыл тоқтатқанын хабарлады.  

Енді Бахрейн мен Катардағы АҚШ әскери базаларына Иран соққы жасап жатыр. CNN хабарлауынша, Иран әуелі Бахрейндегі америкалық базаға зымырандық соққы жасаған. Ақпарат Иранның жартылай ресми Fars News Agency агенттігіне сілтеме жасап таратылды. Ал Катар билігінің өкілі ел аумағы үстінде Иранның екі зымыраны атып түсірілгенін мәлімдеді.