
Израиль Иранға қарсы алдын ала соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп хабарлайды Times of Israel басылымы.
Иранның IRNA ақпарат агенттігінің дерегінше, Тегеранның орталығында жарылыстар естіліп, қала үстіне екі түтін бағаны көтерілген.
«Израиль мемлекеті Иранға превентивті соққы жасады. Соның салдарынан жақын арада Израиль мемлекетіне қарсы зымырандық және ұшқышсыз аппараттармен жасалатын соққы күтіледі», – деп келтіреді телеарна министрдің сөзін.
Кац елде төтенше жағдай режимі жарияланғанын мәлімдеді. Ал Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сиреналар қосылғанын және тұрғындарға паналау орындарының маңында болу қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберілгенін хабарлады.
Айта кетейік, әлемнің 10-нан аса мемлекеті өз азаматтарын Ираннан шұғыл кетуге шақырды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де Иранға баруға қатысты ұстанымын жариялады. Министрлік қазақстандықтарды әзірге Иранға бармай тұруға шақырды. Ал қазір Иран аумағында жүрген азаматтарға елден кетуге кеңес беріледі.