Жаңалықтар

Иран АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатыспайды

фото: ЖИ арқылы жасалды

Халықаралық футбол қауымдастығы FIFA – 2026 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында күрделі жағдайға тап болуы мүмкін. Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадж Тегеранда жасаған мәлімдемесінде ел құрамасының АҚШ-та өтетін мундиальға қатысуы «екіталай» екенін айтты.

Иран үш ойынды да АҚШ-та өткізеді

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Жеребе нәтижесіне сәйкес, Иран құрамасы топтық кезеңдегі үш матчын да АҚШ аумағында өткізуі тиіс.

Иран 15 маусым күні Лос-Анджелесте Жаңа Зеландиямен, 21 маусымда Бельгиямен, ал 26 маусымда Сиэтлде Мысыр құрамасымен кездесуі керек. Бұдан бөлек, Иран мен АҚШ құрамалары плей-офф кезеңінде (1/16 финал) жолығуы да ықтимал.

Мехди Тадж қазіргі геосаяси ахуалға байланысты әлем чемпионатына үмітпен қарау қиын екенін атап өтті.

«Болған жағдайлардан кейін және АҚШ-тың әрекеттерінен соң мундиальға сеніммен қарау қиын. Бұл мәселені спорт басшылары шешуі тиіс», – деді ол.

Ирандағы ішкі біріншілік

Сонымен қатар, Иран футбол федерациясы елдегі Премьер-лиганы белгісіз мерзімге тоқтатты. Бұл шешім Иран чемпионатында өнер көрсетіп жүрген шетелдік ойыншыларға да әсер етті. Атап айтқанда, Антонио Адан, Мунир Эль-Хаддади және Иван Санчес қазіргі таңда елден кету жолдарын қарастыруда. Антонио Адан Мадридке оралса, қалған екі футболшы Иран аумағынан автокөлікпен шығуға әрекет жасап жатыр.

Егер Иран шынымен әлем чемпионатына қатысудан бас тартса немесе қатысу мүмкіндігінен айырылса, бұл FIFA үшін үлкен саяси әрі спорттық сын болмақ. Геосаяси шиеленіс футбол додасының ұйымдастырылуына тікелей әсер етуі ықтимал.

Еске сала кетейік, 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. егеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасын ресми билік 1 наурызға қараған түні ғана растады.