
Өзбекстанда 1 наурыздан бастап электронды темекілердің (вейп) айналымына толық тыйым салынды. Заңды бұзғандар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал темекіні қыздыру жүйелері (IQOS секілді құрылғылар) заңды түрде сатыла береді.
2024 жылдың сәуір айында Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекілердің айналымына толық тыйым салу туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарған. Ведомство өкілдері мұндай шаралар қабылданбаса, жақын болашақта елдегі әрбір бесінші жас никотинге тәуелді болып кетуі мүмкін екенін ескерткен.
2025 жылдың қаңтарында ел парламентінің төменгі палатасы – Заң шығару палатасы вейптерге тыйым салу туралы түзетулерді қабылдады. Қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев заңға қол қойып, оның күшіне енуін үш айға шегерген еді. Осылайша құжат 2026 жылдың 1 наурызынан бастап ресми түрде қолданысқа енгізілді.