
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларға құттықтау хат жолдады.
Құттықтауында президент Жамбыл Жабаевтың ұлт руханиятындағы айрықша орнына тоқталып, оны қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы, төл мәдениеттің көрнекті өкілі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, жыр алыбының шығармалары отаншылдық пен бірлік, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді асыл құндылықтарды дәріптеуімен құнды.
Сондай-ақ, Жамбыл Жабаевтың айтыс өнерін дамытуға, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға және қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға сіңірген еңбегі ерекше бағаланды. Ақын өз заманының тыныс-тіршілігін терең бейнелеп, халықтың зор ықыласына бөленгені атап өтілді.
Президент «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыр дүлдүлінің шығармалары көптеген шет тіліне аударылып, әлемдік рухани қазынаға айналғанын да тілге тиек етті. Қос ғасырды қамтыған ғұмырында қалдырған бай мұрасының келер ұрпаққа да рухани азық болары сөзсіз екені айтылды.
Құттықтау соңында Мемлекет басшысы мерейтой аясындағы іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдіріп, жиынға қатысушыларға мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі.