Жаңалықтар

Мелания Трамп өткізген жиында иран мектебіне шабуыл туралы айтылды

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті
Мелания Трамп төрағалық еткен жиында Ирандағы қыздар медресесіндегі қайғылы оқиға сөз болды / фото: un.org

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп 3 наурызға қараған түні алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің жиналысына төрағалық етті. Кеңесте Ирандағы қыздар медресесіне шабуыл тақырыбы да сөз болды.

Ыңғайсыз тақырып

Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпанда Құрама Штаттар мен Израильдің Иранға шабуылы барысында Минаб қаласында орналасқан қыздар медресесінің күл-талқаны шықты. Әскери базадан бар болғаны 60 метр жерде орналасқан білім мекемесінде 171 адам қаза тапты.

Мелания Трамптың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ететіні осы оқиғадан екі күн бұрын мәлім болған. Сол кезде жиында әлемдегі білім және балаларды қорғау мәселесі талқыланатыны айтылған. Иранға шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамптың тікелей басқаруымен өтіп жатыр.

Оның үстіне, кеңес қарсаңында Иранның БҰҰ-дағы елшісі Әмір Саид Иравани соғыс жүріп жаптқан уақытта АҚШ-тың балаларды қорғау жөнінде жиын өткізуін «екіжүзділік» деп сипаттаған.

Мелания не дейді

Құрама Штаттардың бірінші ханымы бүкіл әлем талқылап жатқан өткір тақырыпты айналып өте алмады, бірақ Минабтағы қырғынға тікелей тоқталған жоқ.

«АҚШ бүкіл әлемдегі балалардың бәрін қолдайды. Сіздің елде де жақында бейбітшілік орнайды деп үміттенем», – деп жалпылама сөйледі Мелания. Оның сөзін The Washington Post таратты.

Басылымның мәліметінше, БҰҰ саяси жетекшісі Розмари Ди Карло ұйым медреседегі оқушы қыздардың өлімінен хабардар екенін айтты.

«Кейінгі екі күнде біз осы оқиға туралы хабардар болдық. Израиль, БАӘ, Қатар, Бахрейн және Омандағы мектептер өңірдегі әскери операцияға байланысты қашықтан оқуға ауысты», – дейді ол.

Мелания Трамп Құрама Штаттардың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына төрағалық еткен алғашқы бірінші ханымы атанды. Ол саясатқа көп араласпаса да, әлемдегі балаларды қорғау мәселесі туралы жиі сөз қозғап жүр. Мысалы, ол бұған дейін Ресей президенті Владимир Путинге хат жазып, Украинадағы соғыста ұрланған балалар тағдырына алаңдаған.