
Кәсіпкер Айдын Рахымбаев Алматы қаласында 1200 адамға арналған мектеп ғимаратын 8 млрд теңгеге салады. Миллионерге тиесілі компания жақында ғана ірі тендер жеңіп алды.
Алматы қаласының 11-шағынауданында, Жандосов пен Алтынсарин көшелері қиылысына жақын орналасқан №13 мектеп-гимназия ғимараты бұзылады. Екі қабатты ескі ғимараттың орнына 1200 оқушыға шақталған жаңа кешен бой көтереді.
Мегаполис әкімдігі 2026 жылғы ақпан айында мектеп құрылысына тендер өткізіп, 8 млрд теңгені игеретін жеңімпазды анықтады.
Тендер қалай өтті
«Алматы қаласы Құрылыс басқармасы» жариялаған мемлекеттік сатып алу байқауына барлығы бес компания қатысты. Кабдрашев Алмас Рамазанұлы төрағалық еткен комиссия тендер жеңімпазы деп «KAZPACO» (КАЗПАКО) компаниясын таныды. 23 ақпанда жарияланған байқау хаттамасында құрылыс компаниясының қожайыны Айдын Рахымбаев екені айтылған.

Үш қабатты мектеп
Жаңа ғимарат 2,8 гектар жерге салынады. Әкімдік үш қабатты мектеп құрылысын сегіз айдың ішінде аяқтауды көздеп отыр. Бұл ретте құрылыс жүргізген компания оның сапасына 10 жыл жауапты болады.
Жеңімпаз компания туралы
eGov мәліметінше, тендерге жеңген «KAZPACO» компаниясы Алматы қаласында 2001 жылғы 4 желтоқсанда тіркеліп, 2023 жылғы 18 қазанда қайта тіркеуден өткен. Кеңсесі Мамыр-1 ықшам ауданындағы Quorum бизнес орталығында орналасқан. Компания жетекшісі – Алмас Шүкенов, ал құрылтайшысы – «General Contractors Group» Ltd.
Данияр Оспанов жетекшілік ететін құрылтайшы компанияның өзінің екі қожайыны бар. Олар: «BI Group» Ltd. және «BI Capital». Бұл екеуінің басшысы – миллионер Айдын Рахымбаев.
53 жастағы кәсіпкер Айдын Рахымбаев Қазақстанның ең бай он адамының бірі. Forbes Kazakhstan оның дәулетін 967 млн долларға бағалаған.
Бұған дейін Kursiv.Media Қордай Достық үйінің құрылысына бөлінген 2,2 млрд теңгенің тендері кімге бұйырғаны туралы жазған.
Жыл басында маса мен шыбын-шіркейге қарсы күреске бөлінген 13,6 млрд теңгені кәсіби спортшының клининг компаниясы жеңіп алған.